Алтай ауданында «Әйел болу – өнер» форумы өтті
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Алтай қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы орта мектепте «Әйел болу – өнер» атты аудандық аналар форумы өтті. Іс-шараға аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ еңбек ардагерлері қатысты.
Форумға қатысушыларды аудан әкімі Ренат Құрмамбаев құттықтады:
«8 наурыз – әйелдерге деген сүйіспеншілік пен құрметтің символы. Қай салада болсын, әйелдер мейірімділік пен сезімталдықтың, түсіністік пен шабыттың бастауы болып келеді. Біз сіздердің еңбектеріңізді, жан-жақты қабілеттеріңізді, отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, кәсіби жетістіктерге жетудегі талпыныстарыңызды жоғары бағалаймыз. Көктемнің шуағымен келген бұл мереке сіздерге бақыт пен қуаныш әкелсін!» – деді аудан басшысы.
Форум бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты болды. Әйелдер «Гүл шоғын жинау» ойынына қатысып, әйел логикасы, отбасылық үйлесім, құқықтық сауаттылық және әйел мәртебесі жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, «Кемел әйел» шығармашылық шеберханалары өтті.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде «Леди Бьюти», «Леди Денс», «Фитнес Леди», «Леди Муза», «Леди Стиль» секілді шығармашылық жобалар таныстырылды. Форум барлық қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.
Фото: Алтай ауданы әкімдігі