KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
529.99 546.63 5.21

Перзентханаға барып, аналарға ақ тілектерін арнады (видео)

17.03.2024, 12:00 253 Жанаргүл Мұқатай

Күршім ауданындағы Ақсуат ауылының тұрғыны Жансая Егінбаева  дүниеге келген атұстары Сұлтанмен Өскемендегі Ана мен бала орталығынан үйге шығарылды.

Облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының мүшелері жас босанған ананы қуанышымен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

- Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айында дүниеге келген ұлымыздың есімін Сұлтан деп қойдық. Сұлтан шаңырағымыздағы төртінші бала. Ана мен бала орталығы дәрігерлерінің бақылауымен жеңіл босанып, аман-есен үйге шығып барамыз. Наурызда барлық отбасына, аналарға осындай қуаныш және бақыт пен береке тілеймін!, - деген жас анаға облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының мүшелері де ақ тілектерін арнады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күн сүйіспеншілік, ананы құрметтеуге, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық,  ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған. 

– Облыстық әйелдер  істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының мүшелері наурызда он күн бойы мерекеленетін түрлі шараларға белсене атсалысып отырмақ. Бүгін қатарымызға қосылып жатқан еліміздің жаңа азаматтарының аналарын құттықтаудың сәті келді. Облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы аталмыш комиссия мүшелері де жергілікті жерлерде осы іспеттес мерекелік шараларды өткізіп жатыр, - дейді комиссия мүшесі Аяужан Әшімова.

Өскемен қаласының Ахмер ауылында тұратын Жадыра Құмарханова да бүгін сәбиімен үйге шығарылып жатыр екен. Облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының мүшелері шуақты шаңырағына, отбасына асығып бара жатқан Жадыраға да тәтті сыйлықтары мен гүлдерін ұсынып үлгерді. Төртінші сәбиіне босанған Жадыра Ахмер ауылындағы орта мектепте бастауыш мұғалімі болып істейді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу