KZ
Өскемен
-22°
туман Штиль
489.15 533.47 5.64

Жұмысшы мамандықтар жылы: оқушыларға гидроэнергетика саласы таныстырылды (видео)

Бүгін, 16:30 71 Бакимбаева Айна

Өскеменде «АЭС Өскемен ГЭС» ЖШС базасында мектеп оқушылары үшін Ашық есік күні өтті. Шара ШҚО білім басқармасы мен кәсіпорынның ұйымдастыруымен жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылды. Кездесуге техникалық және инженерлік мамандықтарға қызығатын оқушылар қатысты.

- Бүгінгі іс-шараны біз политехникалық колледжбен бірлесіп өткізіп отырмыз. Біздің станция Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жұмысшы мамандықтарын дәріптеу міндетін іске асыруға белсенді қатысады. Бес жылдан бері дуальды оқыту бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Осы бағдарламаның арқасында колледж бен университет түлектері біздің командаға қосылып, табысты еңбек етуде, – деді Үлбі және Шүлбі су электр станцияларының бас директоры Тілек Айдаболов.

Облыстық кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Ләзат Кездікбаева да бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.

- 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Осыған байланысты оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірдегі жетекші кәсіпорындармен бірлескен шаралар арқылы мектеп түлектеріне мамандық таңдауда көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен бөлінетін оқу гранттары да жыл сайын артып келеді, – деді ол.

Экскурсия барысында оқушылар өңірдегі ірі энергетикалық нысанның жұмысымен танысып, гидроэлектростанцияда қолданылатын заманауи технологиялар туралы білді. ГЭС инженерлері мен техниктері өз мамандықтары туралы әңгімелеп, жабдықтарды көрсетіп, станция жұмысының негізгі кезеңдерін түсіндірді. Сондай-ақ, оқушылар еңбек жолында табысқа жету үшін қажет кәсіптік дағдылар мен маңызды қасиеттер туралы сұрақтарына жауап алды.

Кездесу аясында қызықты квест-ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздарға өңірдегі колледждерде бейіндік мамандықтар бойынша тегін оқу жолдамасы табысталды. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлері оқушыларға өз еңбек жолдарын айтып, тәжірибелерімен бөлісті.

№14 мектептің оқушысы Айзада Мархабатқызы болашақта электр энергетикасы саласының маманы болуды қалайтынын жеткізді:

- Бүгін біз су электр станциясының жұмысымен танысып, осы саладағы мамандықтар туралы қызықты ақпарат алдық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын атап өткен болатын. Мен болашақта электр инженериясын меңгергім келеді. Бұл салада жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары. Барлығы ойдағыдай болса, кейін Өскемен су электр станциясында еңбек еткім келеді, – деді ол.

Ашық есік күні оқушылар үшін маңызды оқиға болды. Бұл шара олардың жұмысшы мамандықтар әлеміне енуіне және инженерлік-техникалық мамандықтардың ел дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін түсінуіне мүмкіндік берді.


Фото/видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу