KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

«Таза Қазақстан»: Жаңа телеграм-бот іске қосылды

Фото: depositphotos.com

14.03.2025, 13:30 408 Әбішев Ержан

Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жаңа әрі тиімді құралды іске қосты. Енді кез келген азамат @TazaQazBot телеграм-чат-боты арқылы өз өңіріндегі экологиялық мәселелерді оңай әрі жедел түрде мәлімдей алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл сервис – ел аумағындағы экологиялық және санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған заманауи қадам. Қамқор азаматтар кез келген проблемалық аймақты суретке түсіріп немесе галереядан жүктеп, нақты орналасқан жерін көрсетіп, мәселенің мән-жайын сипаттай алады.

Жолданған өтінім автоматты түрде жергілікті атқарушы органға жетеді. Онда жауапты тұлға тағайындалып, мәселені шешу бойынша нақты іс-шаралар қабылданады. Мәселенің сипатына қарай орындалу мерзімі де жүйе арқылы автоматты түрде белгіленеді.

Тұрғындар саябақтар мен жолдардың жағдайы, жарықтандыру, кіреберістердің тазалығы, қоғамдық аумақтардың абаттандырылуы сынды түрлі мәселелер бойынша өтінім жолдай алады. Ең бастысы – орындалған жұмыс туралы есеп те бот арқылы беріледі. Орындаушы фотосурет жүктеп, қажет болса түсініктеме қалдырады.

Сонымен қатар бот арқылы пайдаланушылар өтінімнің орындалу барысын қадағалап, қызмет сапасына баға бере алады. Бұл ашықтық пен тиімділікке жол ашады.

«Таза Қазақстан» сервисі – әр азаматқа өзінің туған жеріне жанашырлықпен қарауға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Ол елдегі өмір сүру сапасын арттырып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға бағытталған.

Бірге әрекет етіп, туған өлкемізді таза, жасыл әрі жайлы ету – баршамыздың ортақ парызымыз. «Таза Қазақстан» – әр қазақстандықтың жарқын келешекке қосқан нақты үлесі!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу