KZ
Өскемен
-19°
плотный туман Штиль
505.15 550.31 5.89

Өскеменде Қалихан Ысқаққа арналған оқырмандар конференциясы өтті

Кеше, 16:00 93 Әбішев Ержан

Бүгін еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, прозашы, драматург, кинодраматург, Катонқарағай ауданының тумасы Қалихан Ысқақтың туған күні. Осыған орай Пушкин атындағы облыстық кітапханада Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қоңыр күз еді» повесі бойынша «Қазақ прозасының қара нары» атты оқырмандар конференциясы өтті, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Шараға қаламыздағы Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейдің, №47, №27 мектептердің оқушылары қатысты.

Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен, соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген Қ. Ысқақтың «Қоңыр күз еді», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Дос хикаясы», «Күреңсе» повестері, «Ақсу – жер жаннаты», «Тұйық», «Қара орман» романдары, «Жарық дүние», «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жапырақ», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Қыл көпір», «Ерліктің екі сағаты», «Сабатаж», «Мазар», «Жәке-Жәкетай», «Сайқының тұқымдары» пьесаларының дені өзінің қиын да қызғылықты өмірін арқау еткен.

«Қоңыр күз еді» повесі соғыстан кейінгі тұрмыс-тіршілікті, Топқайың мектеп-интернатының жай-күйін, балалар өмірін суреттеуге арналған. Яғни, жазушының аталмыш шығармасы өз басынан кешкен бір оқиға негізінде жазылған. Шығарма оқиғасы ауыл баласы Қасымның мектеп-интернатқа келіп оқуымен басталады. Мұғалімнің Қасым бойындағы әдебиетке құштарлықты байқауы, оған ерекше кітап беруі, Қасымның қолжазбаны қастерлеп жасыруы, әңгімеде бейнеленген күз суреті оқырманды өзіне баурай түседі.

Повестің «Қоңыр күз еді» деп аталуының өзі де тегін емес. Адамдардың санасында күз, оның ішінде әсіресе қоңыр күз деген сөздер сағыныштың белгісі іспетті. Алыста қалған балалыққа деген сағыныш. Шығарманы оқи отырып «армандау – асыл қасиет» екенін түсінесіз. Кітапқа деген құштарлығыңыз оянады.

Конференция барысында жазушының өмірі мен қызметі туралы кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқушылар «Қоңыр күз еді» шығармасы жайлы ой қозғады. Аталмыш повеске «Тақырып  және идея», «Кейіпкерлер», «Қоғамдық және әлеуметтік мәселелер», «Шығарманың құрылымы мен стилі», «Шығармадағы философиялық мәселелер», Шығарманың әсері мен маңызы» атты бөлімдер бойынша жан-жақты әдеби талқылау жүргізілді.

Конференция соңында сыни пікірлерімен, ерекше қабілет-зейіндерімен, ұтымды да ұтқыр ойларымен көзге түскен оқушылар «Болашақ әдебиеттанушы», «Үздік оқырман», «Парасатты оқырман», «Ойлы оқырман», «Ізденімпаз оқырман» номинациялары бойынша сертификаттармен марапатталды.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу