KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СБ
500.32 545.3 6

ШҚО-да 2025 жылы 339 км жол жөнделмек

Кеше, 10:50 153 Төлеуғазы Жансая

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 339 км жол жөндеу жоспарланып отыр. Бұл туралы ШҚО әкімдігінде өткен отырыста Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 5,2 млрд теңге жолдар мен көпірлерді салу және реконструкциялауға бөлінген. 

– Биыл Сәтпаев және Жібек жолы даңғылдарының қиылысында көлік айрығы, Пермитин және Славский жағалауы көшелерінің қиылысында жолайрық салу, Күршім ауылын айналып өтетін жаңа жолдың құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, Глубокое ауданындағы Бобровка ауылында инфрақұрылым жаңартылып, Риддер қаласындағы Громотуха өзені арқылы өтетін көпір қайта жөнделеді, - деді Нұржан Сайлаубекұлы.

Биыл облыстық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуге 16 жоба жоспарланған. Оның ішінде «Ақжар – Шілікті – Зайсан», «Ақжар – Омбы – Майқапшағай», «Күршім – Қалжыр», «Күршім – Қалжыр – Бұрабай», «Октябрь өткелі – Алтайка – Новохайрузовка», «Новотроицкое ауылына кіре беріс" сияқты жалғасып жатқан жобалар бар. Сондай-ақ, «Өскемен – Тарғын – Самар», «Васильевка – Бозанбай», «Көкпекті – Самар – Васильев өткелі», «Күршім – Қалжыр – Ақсуат» сияқты жаңа жобалар қолға алынады.
Риддер қаласына дейінгі жол қатынасы да жақсармақ.  

– Қазіргі таңда қалаға жету үшін 105 км республикалық маңызы бар «Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» жолы пайдаланылып отыр. Егер «Өскемен – Тарханка – Топиха – Черемшанка» жолы қайта жаңғыртылса, бұл қашықтық 43 км-ге қысқарып, сапар уақыты 2 сағаттан 1 сағатқа дейін азаяды. Аталған жобаның жалпы ұзындығы 62 км, ал құны 38,6 млрд теңге. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мердігер компания ретінде «Құрылыс-групп» ЖШС анықталған, - деп қосты ол. 

Бұл жобалар өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауын қамтамасыз етуге бағытталған.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу