KZ
Өскемен
ясно жел 2 м/с, С
502.83 545.37 5.95

Жаңғыру күні: ШҚО зағиптар кітапханасында мерекелік кеш өтті

Кеше, 12:00 85 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көздері нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Мейрам аясында ұйымдастырылған іс-шараға балалар, студенттер, әскери-техникалық мектептің кадеттері мен мерзімді әскери қызметшілер қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мерекелік кеш ұлттық нақышта безендірілген залда шашумен басталды. Ақсақал көпшілікке жүрекжарды батасын беріп, Наурыздың мәні мен маңызын еске салды. «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігі «Бесікке салу» дәстүрін көрсетті. Сонымен қатар «Ата Мұра» және «Алтынай» балалар вокалдық топтарының әуелете шырқаған әндері көпшіліктің көңілін көтеріп, залда жылы атмосфера орнады.

Ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің музыкант-студенттері домбыра мен қобыз тартты. Көрермендер сұранысы бойынша әйгілі «Адай» күйі де шырқалды.

Кеш барысында Наурыз мерекесінің шығу тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен рәміздерінің мағынасы туралы қызықты викторина ұйымдастырылды.

Қонақтар наурызкөже, бауырсақ, түрлі ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақы қонақжайлылықтың лебін сезінді. Көктем, туған жер, табиғат туралы әндер айтылып, мереке шырайын аша түсті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу