KZ
Өскемен
+1°
туман Штиль
503.05 542.99 5.98

Өскеменде ауыл оқушыларына арналған IQanat олимпиадасының II кезеңі өтіп жатыр (видео)

26.03.2025, 19:00 671 Бакимбаева Айна

Өскемен қаласында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған IQanat олимпиадасының II кезеңі басталды. Бұл білім сайысына Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан 308 оқушы жиналды. Қатысушылардың алғашқы легі өз білімдері мен дағдыларын дәл қазір сынауда, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.  

Айта кетейік, Қазақстан бойынша бұл кезеңде он мыңға жуық оқушы білім бәйгесіне қатысып жатыр. Олимпиаданың алғашқы кезеңіне 50 мыңнан астам оқушы қатысқан болатын.  

II кезең пәндер бойынша сынақ тапсыруды қамтиды. Үміткерлер логикалық ойлау, математикалық және оқу сауаттылығы бағыттары бойынша міндетті тесттерден өтеді. Бұған қоса, ағылшын тілі мен таңдаған бір пәннен (математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы, география) емтихан тапсырады.  

Осы кезеңде іріктелген мың финалист IQanat мектеп-пансионатында тегін оқу және олимпиададан кейінгі үш жылдық қолдау бағдарламасына қатысу үшін бақ сынасады. Бұл бағдарлама ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындықты, ағылшын тілін, ІТ дағдыларын, soft skills және кәсіпкерлік негіздерін қамтиды.

Глубокое кентіндегі Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы Фариза Рашқан – IQanat олимпиадасының үшінші кезеңіне дейін жеткен үміткерлердің бірі.  

– Мен осы олимпиаданың финалисі әрі волонтерімін. Бұл жоба жеңімпаз атанбасаң да, үлкен мүмкіндіктер береді. Қазір мен кәсіпкерлік негіздері, ағылшын тілі, ІТ дағдылары бойынша тегін курстарға қатысып жүрмін. Мұның барлығы болашағым үшін өте маңызды. Келешекте математика немесе физика пәнінің мұғалімі болғым келеді, – дейді ол.  

Биыл IQanat олимпиадасы дәстүрлі білім сайысының шеңберінен шығып, Peer-to-Peer жаңа бастамасын енгізді. Бұл жоба оқушыларды тәлімгерлік жүйесіне біріктіруді көздейді.  

IQanat қорының түлектері «аламник» деп аталады. Солардың бірі – Аниса Айтуғанова жаңа бастаманың мәнін былай түсіндірді.

– Бүгін шығысқазақстандық қатысушылар Peer-to-Peer жобасы бойынша дайындықты бастады. Бұл бағдарлама олимпиаданың екінші кезеңіне қарқынды дайындалуға бағытталған. Жобаның негізгі идеясы – жоғары сынып оқушылары кіші сыныптағы қатысушыларға көмектеседі. Бүгінгі шарада үш аламник пен алты волонтер оқушыларға қолдау көрсетуде. Біздің мақсатымыз – балалар үшінші кезеңге өтпесе де, осы турға қатысып, құнды тәжірибе жинағандарын түсінсе дейміз, – деді Аниса Айтуғанова.  

Анисаның өзі қазақстандық кәсіпкерлермен мотивациялық кездесулер ұйымдастырады және әр облыста бірнеше менторы бар. Ол бұл кездесулердің өз дамуына және болашағына үлкен мүмкіндік сыйлайтынын атап өтті.  

IQanat олимпиадасы – ауылдық жерлердегі оқушыларға сапалы білімге қол жеткізуге көмектесетін ерекше жоба. Оның түлектерінің 94%-ы әлемнің 17 еліндегі үздік университеттерге оқуға түседі.

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Жәнібек Ырысбай


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу