IQanat Олимпиадасы: 56 мың ауыл баласы мықтылар сайысында
iqanat.kz
IQanat Олимпиадасының І туры Қазақстанның 170 ауданында бастау алды. Интеллектуалдық сайысқа ауылдық елді мекендерден 56 мың сегізінші сынып оқушысы қатысуда,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
IQanat Олимпиадасының ерекшелігі – қатысушылардың мектептегі бағаларына қарамастан, әрбір бала жеңіске жетуге тең мүмкіндікке ие. Олимпиада дәстүрлі тестілеулерден өзгеше: мұнда оқушылардың логикалық және математикалық ойлау қабілеттері, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеру деңгейі бағаланады.
Бірінші турда жеңімпаз атанған 10 мыңға жуық бала екінші турға өтіп, үш күндік білім беру және ынталандыру тренингтеріне қатысады. Екінші турдан өткен 1000-ға жуық финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына оқуға қабылданады, ал қалғандары үш жылдық қолдау бағдарламасына қатысып, ҰБТ және халықаралық емтихандарға дайындықпен қатар, ағылшын тілі, IT дағдыларын және soft skills мен кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге мүмкіндік алады.
IQanat жобасы қазақстандық ірі және шағын бизнестің 160 кәсіпкерінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба қамқоршысы Алмаз Төлтаев ауыл балаларының дамуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті: «Жобаның мақсаты – сапалы білім мен мүмкіндіктерге әрбір баланың қолжетімділігін қамтамасыз ету. IQanat бағдарламасымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантпен оқуға түсуде. Бұл – елдің тұрақты дамуы мен адам капиталына маңызды инвестиция».
Қазірге дейін IQanat бағдарламасының 2200-ден астам түлегі бар. Олар олимпиада өткізу барысында ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, менторлық қолдау көрсетуде.
IQanat жобасы 2017 жылдан бері 240 мыңнан астам ауыл баласын қамтыды. Жобаның қызметі туралы толық ақпаратты iqanat.kz сайтынан және @iqanat.kz Instagram парақшасынан табуға болады.