Жаңа кәсіптік бағыт: ШҚО түлектеріне бос жұмыс орындары ұсынылды (видео)
Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (ШҚТУ) Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жыл сайын өтетін «Мансап марафоны» түлектер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге еліміздің түкпір-түкпірінен 60-тан астам жұмыс беруші қатысып, студенттер мен түлектерге бос жұмыс орындары, тағылымдамалар және мансаптық өсу мүмкіндіктерін таныстырды, деп хабарлайды Altainews. kz тілшісі.
Бұл жәрмеңке бизнес пен жас мамандар арасындағы тиімді байланыс алаңына айналды. Жұмыс берушілер өз қызметі, жұмысқа орналасу шарттары мен кәсіби даму жолдары туралы жан-жақты мәлімет берді. Қатысушылар түйіндемелерін қалдырып, алдын ала сұхбаттардан өтуге және компаниялардың кадрлық резервіне енуге мүмкіндік алды. Бұл олардың табысты жұмысқа орналасу ықтималдығын арттырады.
Ұйымдастырушылар өткен жылдардағы түлектерге де ерекше назар аударып, оларға өңірдегі сұранысқа ие кәсіптер туралы өзекті ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, жәрмеңке аясында жас мамандарды бейімдеуге бағытталған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының IZBASAR бағдарламасының таныстырылымы және ҚР Қорғаныс министрлігінің күш құрылымдарындағы мансаптық мүмкіндіктер жөнінде брифингі өтті.
Жәрмеңкеге 300-ге жуық студент пен түлек қатысты. Көпшілігі өзіне лайық бос орындар тауып қана қоймай, елдегі түрлі компаниялардан тағылымдамадан өтуге шақырту алды.
Жәрмеңке ең алдымен кәсіби бағдар берудің құралы саналады. Ол жастарға жұмыс табуға көмектесіп қана қоймай, олардың іскерлік байланыстарын дамытып, болашақ мансабына берік негіз қалауға ықпал етеді.
Дамир Омаров
Фото/видео: Жібек Нұрахмет