KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями Штиль
518.57 566.59 6.05

ШҚО: Егістік алқаптар кеңейіп, майлы дақылдар кластері дамуда (видео)

4.04.2025, 11:00 166 Төлеуғазы Жансая

Облыс әкімдігінде өткен жиында Шығыс Қазақстанның 2025 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық деңгейі талқыланды.  Егістік жұмыстар қарсаңында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 618,1 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10,8 мың гектарға артқан. Бұл өсім Мемлекет басшысының 2024–2028 жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жол картасына сәйкес, ел Шығысында бидай егістігі 3,8 мың гектарға қысқартылып, майлы дақылдар 1,7 мың гектарға, ал жемшөп дақылдары 10,5 мың гектарға ұлғайтылмақ. Осынау өзгерістер егістік құрылымын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егіс алқаптарының құрылымындағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 252,6 мың га (оның ішінде бидай – 171,0 мың га), майлы дақылдар – 224,5 мың га (оның ішінде күнбағыс – 206,6 мың га), жем-шөп дақылдары – 129,0 мың га, картоп – 8,5 мың га, көкөністер мен бақша дақылдары – 3,8 мың га құрап отыр. 

- Майлы және жемшөп дақылдарын көбейту арқылы біз егістік құрылымын неғұрлым тиімді әрі тұрақты етуге күш салып отырмыз, - деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дамир Мамиев.

Сондай-ақ, облыстағы егістік алқаптарының құрылымында қосжарнақты (жалпақ жапырақты) дақылдар 44%-ды, дәнді дақылдар 40%-ды құрайды. Алайда, күнбағыс үлесінің 30%-дан асуы ауыспалы егістің ғылыми негізделген нормасына сәйкес келмей отыр. Бұл мәселені шешу үшін басқа да жоғары өнімді әрі тиімді дақылдарды, мысалы, соя, сүрлем жүгері, бұршақ сияқты дақылдарды егу ұсынылуда.

Соя өсірудің тиімділігіне тоқталған Дамир Мамиев: «Соя кез келген топырақта жақсы өседі, бұл дақылдың жемістерінде өсімдік ақуызы өте көп, өнімділігі де жақсы. Соя өсіру шамамен 25%-ға үнемді. 1 гектарға шаққандағы орташа шығындар 107,3 мың теңгені құрайды, ал Қазақстан бойынша 1 кг соя үшін орташа нарықтық баға 220 теңгеден басталады», – деп атап өтті. 

Сонымен қатар мамандар тарапынан соя егілген алқап құнарланып, келер жылдары өзге дақыл еккенде оның өнімділігін еселете түсетіні айтылды.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу