ШҚО: Антикор 500 млн теңгенің негізсіз субсидиялау фактілерін анықтады

Фото: Жібек Нұрахмет
Сыбайлас жемқорлықпен күресте «Заң және тәртіп» қағидасын нығайту мен ілгерілету ерекше маңызды. Бұл тәсіл бюджеттік қаражаттарды мақсатты әрі ашық пайдалануын қамтамасыз етумен қатар, қоғамда заңның үстемдігін сенімді түрде қалыптастырады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осылайша, биылғы жылы туризм саласындағы сыртқы талдау аяқталды, оның нәтижесінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Денис Шакенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында хабарлады.
Талдау барысында туристік нысандардың құрылысына жұмсалған бюджет қаражаттарын субсидиялау кезінде бюджеттік қаражаттарды негізсіз пайдалану тәуекелдері, туристік операторлық қызметті лицензиялау саласындағы тәуекелдер, сондай-ақ туристік іс-шараларды ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алулармен байланысты тәуекелдер анықталды.
Сонымен қатар туристік нысандарға қол жеткізуді заңсыз шектеу және демалушылардан заңсыз ақы алу фактілері мәлім болды.
Аймақтағы туристік саланы белсенді қолдау мен дамытуға қарамастан, құрылыс шығындарын негізсіз субсидиялау жағдайлары анықталды.
Мәселен, бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген туристік нысандар бойынша шығындарды өтеу фактілері бар, бұл шаралар тек 2022 жылдың қаңтарынан кейін салынған нысандарға қатысты қолданылуы тиіс. Мұндай нысандар бойынша бюджеттік шығындардың жалпы сомасы 500 миллион теңгеден асады.
Бұл фактілер субсидиялар берудің негізділігіне күмән туғызып, бюджет қаражаттарын негізсіз жұмсау үшін алғышарттар жасайды.
Сонымен қатар, туристік операторларды лицензиялауда ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын тексеру барысында кемшіліктер анықталды, бұл кәсіпкерлерге талаптарды айналып өтіп, шын мәнінде сәйкеспей-ақ лицензия алу мүмкіндігін береді.