Құтқарушылар жаңа техника мен тұрғын үй кілттеріне ие болды (видео)
Облыстық Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жаңа техника мен қызметтік тұрғын үй кілттеріне ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Өскемендегі Республика алаңында Азаматтық қорғау органдарының мамандарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысып, құтқарушыларға жаңа мамандандырылған автомобильдер мен қызметтік пәтерлердің кілттерін табыс етті.
Айта кетейік, бұл күні облыстық Төтенше жағдайлар қызметі 65 сужаңа техникаға иә болды. Осы ретте, бұған дейін ТЖ аумақтық бөлімшесі техниканың мұншама көп мөлшерін алып көрген емес екенін айту керек. Жергілікті автопарк өтімділігі жоғары өрт сөндіру автомобильдерімен, жедел-құтқару және көмекші машиналармен және су көліктерімен толықты. Министрліктен хабарлағандай, жаңа техника бөлімшелердің ұтқырлығын едәуір арттырып, түрлі табиғи және техногендік аапаттармен тиімді күресуге мүмкіндік береді.
Сапар аясында гарнизон қызметкерлеріне жаңа қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды. Бұл – құтқарушылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды элементі. Ведомство мен жергілікті атқарушы органдар саланың кадрлық әлеуеті мен жауынгерлік әзірлікті нығайтуға тікелей әсер ететін жеке құрамның өмір сүру және тұрмыс жағдайларын жақсарту міндеттерін жүйелі түрде іске асыруды жалғастыра бермек. Мұны облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та айтты.
Бұдан соң аймақ басшысы мен ТЖ министрі қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған бірқатар қызметкерге ведомстволық наградалар мен алғыс хаттар табыс етті. Арасында арнаулы атақтар мен жаңа қызметтік пәтерлердің кілттеріне ие болғандар да бар еді.
Салтанатты жиыннан кейін облыс әкімі Төтенше жағдай министрін өңірдегі көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарының барысымен таныстырды.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова