Кибералаяқтық, қаржылық пирамидалар, дропперлер – цифрлық технологиялардың енгізілуімен түрлі алаяқтық түрлерінің саны да артуда. Экономика мен қаржының негіздерін білу, сондай-ақ негізгі цифрлық дағдылардың болуы өте маңызды болып отыр. Шығыс Қазақстан облысында жастарға қаржылық сауаттылық пен қауіпсіздік мәселелері бойынша білім беріледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстанның алғашқы Ұлттық қаржылық қауіпсіздік олимпиадасына дайындық аясында Өскеменде қаржылық-құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған форум өтті. Студенттер үшін бизнес-тренерлердің қатысуымен интерактивті лекция ұйымдастырылды.
– Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тапсырмалары аясында қаржылық қауіпсіздік саласында жастарды дайындауға және қорғауға үлкен назар аударылуда. Қаржылық қауіпсіздік – бұл тек экономиканың тұрақтылығы ғана емес, әрбір азаматтың, отбасының және бүкіл қоғамның қорғалуы. Біз сіздердің өмірдің шынайы жағдайларына дайын болуларыңызды, оңай ақша болмайтынын білулеріңізді және «қауіпсіздік иммунитетін» қалыптастыруды қалаймыз. Бұл шаралар сіздердің өздеріңізге және жақындарыңызға пайдалы болсын деп өткізіліп жатыр. Келесі олимпиадада сәттілік тілеймін! – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысушыларға.
Ұлттық қаржылық қауіпсіздік олимпиадасы үш кезеңнен тұрады: онлайн-тестілеу, эссе жазу (оффлайн форматында) және ақыл-ой ойыны мен диджитал-шахмат бойынша турнир арқылы финалдық іріктеу.
– 21 ғасыр – цифрландыру ғасыры. Бұл кезеңде қаржылық сауаттылықты үйрету өте маңызды, әсіресе жастар үшін. Менің таныстарымның арасында интернет-алаяқтыққа тап болғандар көп. Олимпиадаға дайындық кезінде мен көп жаңа ақпарат алдым, осындай шаралар өз нәтижесін береді деп ойлаймын, – дейді студент Жігер Сәрсенбаев.
Ұлттық олимпиаданың жеңімпаздарын 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар күтіп тұр, сондай-ақ Ресейдің Красноярск қаласында өтетін халықаралық олимпиадаға қатысуға ерекше мүмкіндік беріледі.
– Шығыс Қазақстан облысында екі мыңнан астам адам қаржылық пирамидаларға тартылды. Осы жылы үш қаржылық пирамида жойылды. Жастар – еліміздің болашағы және олардың ақпараттану деңгейіне байланысты цифрлық дәуірдегі құқық бұзушылықтар мен алдауларға тұрақтылық қалыптасады. Негізінен алаяқтық схемаларға студенттер тартылады. Бүгінгі күні біз бұл ақпаратты жастарға олардың тілінде түсіндіруге тырысамыз, тесттер мен интерактивті ойындар арқылы. Мұндай жұмыс барлық жерде жүргізіледі, – деді Шығыс Қазақстан облысы экономикалық тергеулер департаментінің басшысы Армат Жүнісов.
Бұл күндері облыстың барлық университеттері мен колледждерінде қазіргі қаржылық алаяқтық схемалары, дропперлер және нақты жағдайлар бойынша лекциялар өткізіліп жатыр. Шамамен 32 мың студент осы тренингтер мен интерактивті ойындарға белсенді қатысуда.
Фото: Махаббат Ахметжанова