Әр аудан жаңбырлатып суару қондырғыларын қолдануға белсенді түрде кірісуі керек
Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешен үздіксіз дамып келеді. Мемлекет егістік суару жобаларына бюджеттен қаражат бөліп, саланы қолдауға айрықша мән беріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында өңірде 2024 жылы іске асырылған ірі жобалар мен биыл қаржыландырылатын бастамалар туралы мәлімдеді. Басты басымдықтардың бірі – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту. Мемлекеттік қолдау арқасында өңірде жалпы құны 19,6 миллиард теңге болатын 15 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында төрт мың басқа арналған алты сүт-тауарлы ферманың құрылысы бар.
Сонымен қатар 1,1 миллиард теңгеге су үнемдеу технологияларына негізделген бес жоба іске асырылған. Былтыр алғаш рет бірнеше шаруа қожалығы жаңбырлатып суару қондырғыларын сатып алуға кеткен шығындарының 80%-ын қайтарып алды. Бұл инвестициялық субсидиялау тетігі жаңаруының арқасында мүмкін болды. Атап айтқанда, «Багратион» шаруа қожалығы, «РамАгро», «НҰР» шаруашылықтары өзгерістің игілігін көріп отыр.
Сондай-ақ, «Ертіс» ӘКК» АҚ мен «SPACETIME» жеке меншік кәсіпорны бірлесіп, отандық жаңбырлатқыш қондырғыларды шығаратын «ERTIS BEREKE OSKEMEN» кәсіпорнын құрды. Бүгінде алқаптарды жаңбырлатып суаратын құрылғы «Su Bereke» атты брендпен шығарылуда.
Аймақ басшысы ірі кәсіпкерлер мен шаруашылықтарды отандық өнім болып табылатын суару жүйелерін орнату арқылы саланы дамытуға белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, биыл жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешеннің сегіз жобасына 11 миллиард теңге несие беру көзделіп отыр. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мамандар есебі аясындағы болжаммен 553 жобаға 4,5 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде.
Елизавета Седых
Фото: Махаббат Ахметжанова