ШҚО-ның агроөнеркәсібі: сүт фермалары, суару, қайтарылған жерлер
Фото: pexels.com
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – ел экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту, өнімділік арттыру және өнімдерді қайта өңдеу мәселелері басты назарға алынғаны белгілі. Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, өнімділік көрсеткіштері жақсарып, жаңа жобалар іске қосылып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру, өнімдерді қайта өңдеу және импортты алмастыру жұмыстары жыл сайын қарқынды түрде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл агроөнеркәсіптік кешеннің өнімдерінің экспортындағы қайта өңделген өнімдердің үлесі 37,6%-дан 67,5%-ға дейін өскенін көруге болады. Бұл көрсеткіш өнімдердің жоғары сапасының артқанын және өңдеу саласына деген қызығушылықтың өскенін дәлелдейді. Сонымен қатар, дәнді және майлы дақылдардың негізгі түрлері бойынша өнімділік артқан. Бұл тек облыс экономикасының өсуіне ғана емес, өңдеуші өнеркәсіптің өркендеуіне де ықпал етуде
Суармалы егіншілікті дамыту үшін «Ертіс» кәсіпорны мен жеке кәсіпкер Spacetime бірлесіп, «Ertis Bereke Oskemen» кәсіпорнын құрды. Бұл кәсіпорын «SuBereke» маркалы брендпен отандық жаңбырлату қондырғыларын шығарады, жоба құны 5,8 миллиард теңгені құрайды. Бұл жаңашылдықтар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, су ресурстарын үнемдеуге және өнімділікті жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Өскемен қаласында май экстракциялық зауытының («ALTAI MAI» ЖШС) құрылысы аяқталуға жақын. Бұл зауыт Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің маңызды бір бөлігі болмақ. Сонымен қатар, облыс бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде 36 ірі сүт-тауар фермасы салынуда. Бұл фермалардың әрқайсысы 5 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы болмақ, ал қуаты 4 мың тонна болатын тағы бір ферманың құрылысы конкурстық рәсімдерге шығарылған. Осы жобалардың іске қосылуы жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 66%-ға дейін арттырып, халықты сүт өнімдерімен толық қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сүт өнімдерін экспорттау мүмкіндіктері де артады.
Ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы Ел Үкіметінің басты назарында. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл халқына ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және туризмді дамыту салаларында 1 миллиард теңгеге кредит беріледі. 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,6 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл қаржылық қолдау ауылдық кәсіпкерлерге өз бизнестің ауқымын кеңейтуге, жаңа өнімдер шығарып, өз ісін дамытуға мүмкіндік береді.
Ел Президенті өз Жолдауында ауыл шаруашылығына инвестиция тартудың басты кепілі жер екендігін атап өтті. Көптеген жер меншік иелері өздерінің пайдасын көріп отырған жерлерді игеріп отырмайды, бұл ауыл тұрғындарының дамуына кері әсерін тигізеді. Осы мәселелерді шешу мақсатында ағымдағы жылы мемлекет меншігіне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 160 мың гектар жер қайтарылып, оның 67 мың гектары қайтарылды. Бұл жерлер жауапкершілікпен игеріліп, ауылдың дамуына үлес қосатын адамдарға ғана берілуге тиіс.
Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешені қазіргі таңда даму жолында үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Өнімділіктің артуы, қайта өңдеу саласының дамуы және жаңа жобалардың іске қосылуы аймақ экономикасының өсуіне үлкен ықпал етуде. Ел Президентінің Жолдауында атап өткен ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, жер реформасы және ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселелері облысымызда маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту арқылы Шығыс Қазақстан облысының экономикасын нығайтуға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға мүмкіндіктер артатыны сөзсіз.
Ержан Әбіш