Ортопедиядағы серпіліс: донорлық сүйекпен ота жасалды

Фото: Денсаулық сақтау басқармасынан
Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының ортопедия бөлімінде донорлық сүйек ұлпасын қолдану арқылы жоғары технологиялы қайта қалпына келтіру отасы табысты жүргізілді. Мұндай күрделі медициналық араласудың мүмкін болуына аурухана жанынан құрылған сүйек тіндері банкі негіз болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Күрделі жағдай - кәсіби шешім
Аталған медициналық мекемеге бұрын әртүрлі клиникаларда жамбас буынына үш рет эндопротездеу жасатқан науқас жүгінген. Эндопротездің жиі орнынан шығып кетуі салдарынан оның қозғалыс белсенділігі күрт шектеліп, өмір сүру сапасы айтарлықтай төмендеп кеткен. Стандартты терапия мен емдеу тәсілдері нәтиже бермегендіктен, дәрігерлер жаңа шешім іздеуге кірісті.
Хирургиялық шешім: биоматериал мен технологияның үйлесімі
Ота барысы туралы бөлім меңгерушісі, жоғары санатты травматолог-ортопед Думан Бакербеков мәлімдеді:
Оның айтуынша, аллографт - яғни басқа адамнан алынған сүйек тіні - биологиялық тұрғыдан үйлесімді материал. Ол организмге оңай сіңісіп, кері иммунологиялық реакциялар туғызбайды. Инфекциялық асқыну қаупі де төмен. Уақыт өте келе бұл тіннің науқастың ағзасына бейімделіп, табиғи ұлпаға айналуы - бірнеше рет ота жасалған күрделі жағдайлар үшін аса маңызды.
Донорлық сүйек тіні қалай дайындалады?
Сүйек тіні аурухана ішінде арнайы талаптарға сай дайындалады. Әдетте, эндопротездеу кезінде алынатын сан сүйегінің бастары негізгі материал ретінде пайдаланылады.
Сүйек банкі - заманауи медицинаның бір тармағы
Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы - еліміздегі сүйек тіндерінің банкі жұмыс істейтін санаулы медициналық мекемелердің бірі. Мұндай база сирек әрі күрделі қайта қалпына келтіру операцияларын орындауға және ауыр жағдайдағы пациенттерге сапалы ем алуға мүмкіндік береді.
Сүйек ұлпасын трансплантациялау технологиясы соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Бұл әдіс тірек-қимыл аппараты ауруларына шалдыққан науқастарды кешенді емдеуде кеңінен қолданылады. Дұрыс таңдалған биоматериал мен білікті мамандардың үйлесімі - оңалтудың сапасы мен жылдамдығын арттырады.