2025 жылы облыста жүз отбасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасына қатысып, ата-ана болу мүмкіндігіне ие болады. Өңірімізде "Аңсаған сәби" мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл жүз квота бөлініп отыр. Бағдарлама бір жылдан астам уақыт бойы жүкті болғысы келетін, бірақ бала көтере алмай жүрген жұптарға арналған.
Өңірде "Аңсаған сәби" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2021 жылдан бастап ата-ана болуға 1 509 мүмкіндік берілді, 570-тен астам бала дүниеге келді.
Қасым Қайсенов атындағы кенттің тұрғыны Рауангүл Мушрабиева бір жарым жастағы егіз Ерасыл мен Нұрасылдың бақытты анасы. Көптен күткен және дені сау сәбилер отбасында тек экстракорпоральды ұрықтандырудың арқасында дүниеге келді.
–Біздің үлкен ұлымыз 15 жаста, ол іні-қарындастары жоқ екеніне қатты өкінетін, әсіресе көп балалы туыстарымыз мен достарымызға барғанымызда. Күйеуім екеуміз қанша үміттеніп, тағы бір кішкентайды аңсағанымызбен, арманымызға жете алмай жүрдік, жүктілікті үзуге тура келетін. Кентіміздегі емханада бізге осы бағдарлама туралы айтып, көмектескендеріне шексіз ризамыз. Бізді есепке алып, барлық қажетті тексерулерді тағайындады. Тиісті құжаттарды ресімдегеннен кейін біз міндетті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде ЭКҰ бағдарламасына қол жеткіздік. Біз үшін барлық қызмет тегін болды. Алғашқы сәттен бастап сүйікті ұлдарымның өмірге келуіне дейінгі уақыт аралығында бізді бақылаған барлық дәрігерлерге ризамын. Тағы бір рет ана болу бақытына ие болғаным үшін мың алғыс айтамын, – деп есіне алады бүгін Рауангул.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шығыс Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір өңірде ЭКҰ-ға кезекте 30 жұп тұр. Олардың барлығы квота алды, демек, олар көптен күткен ата-ана болу бақытына ие болатын күн де алыс емес деп үміттенеміз. Осы орайда «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысудың тәртібін тағы бір еске сала кеткенді жөн көрдік.
– Пациенттер МӘМС шеңберінде көмекші репродуктивті технологиялар бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымды өз бетінше таңдайды. Осыдан кейін жоғары технологиялық медициналық қызметтер комиссиясының қорытындысын алу үшін тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерге жүгіну қажет, – деп түсіндірді алгоритмді ШҚО бойынша отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші Надира Слямханова.
Учаскелік дәрігер пациентті бедеуліктен зардап шегетін диспансерлік науқастардың электрондық тіркеліміне енгізеді. Тексеруден өтіп, бедеуліктің себептерін анықтағаннан кейін 12 ай ішінде учаскелік дәрігер құжаттарды бейінді маманның қорытындысы негізінде МӘМС есебінен ЭКҰ өткізу туралы мәселені шешу үшін комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған кезде пациентті құжаттардың толық топтамасын тіркей отырып, емдеуге жатқызу бюросының порталына тіркейді, қызметтерді алу күні мен уақыты хабарланады.
– Биыл біз прегравидарлық дайындыққа ерекше назар аударамыз. Прегравидарлық дайындық дегеніміз ерлі-зайыптылар жұбын толыққанды ұрықтандыруға, жүктілікті көтеруге және өмірге дені сау ұрпақ әкелуге бағытталған диагностикалық және емдеу-профилактикалық іс-шаралар кешені. Ұтымды жоспарланған прегравидарлық дайындық денсаулығында кінәреті бар нәрестелердің туу ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді. Прегравидарлық тексеру және әйелдердің анықталған ауруларын емдеу жүктіліктің, босанудың және босанғаннан кейінгі кезеңнің асқыну қаупін азайтады. Қазір өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек емханаларының мамандарына болашақ ата-аналарға барлық қажетті көмекті көрсете алуы үшін арнайы семинарлар мен тренингтер өткізілуде, – деп атап өтті Надира Слямханова.
Өміріндегі ең маңызды сәт – нәрестенің тууы нағыз мерекеге айналуы үшін медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтардың барлығы прегравидарлық дайындықтан тегін өте алады.