KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Облыста «Аңсаған сәби» бағдарламасы қалай іске асырылып жатыр?

14.11.2024, 20:00 106 Гульжан Мусина

2024 жылы біздің облыста  бір перзентті армандап жүрген 913 жұп (ерлі -зайыпты) тіркеліп отыр. Былтыр  770 шамасында болған. Жыл сайын өңірде  200 ден астам жұп «Аңсаған сәби» бағдарламасымен экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ)  бойынша квота алып жатқанымен, баласыз жандардың саны кемімей, керісінше өсіп барады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.


Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы  Қазақстанда «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы басталған болатын. Бедеулік диагнозымен тұрған жұптарға биылғы 2024  жылы  облыста «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 252 квота бөлінген. Яғни, сәби сүйе алмай жүрген осыншама отбасының  экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы балалы болуына  мүмкіндік туып отыр. Өңірде осы уақытқа дейін 2023 жылы  ЭКҰ емшарасынан өткендердің 48 пайызы босанып, сәбилі болған. 


Былтыр облысқа жыл басында ЭКҰ ға 239 квота, жыл  аяғында қосымша тағы да  30 квота бөлініп, барлығы 269 әйелге ЭКҰ жасалған. Облыстың бас репродуктолог дәрігері Надира Слямханова ЭКҰ жасалған әйелдердің бәрі бірдей бірден бала көтере алмайтынын, алғашқыда кейбірінікі сәтсіз болып жататынын,  дәрігердің нұсқаулықтарын орындап, емделген соң екінші, үшінші жолы бала көтеріп жататындардың да көп екендігін айтады.


Бұған дейін ЭКҰ бағдарламасы (2010 жылдан бастап) тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлеміне енгізіліп келген болатын. 2021 жылдан бастап квота тек қана медициналық сақтандыру қорына аударым жасап отырған әйелдерге (МӘМС қатысушыларына) беріліп келеді. 
 

«Аңсаған сәби» бағдарламасына отбасында  балалары бар ерлі- зайыптылар да қатыса алады. Мұндай отбасылардағы «екінші бедеулік» нақтылы анықталып,  диагнозы қойылғаннан кейін оларға квота беріледі. Бедеулік диагнозы қойылған жұптарға  квота жылына бір рет тегін  беріледі.  Биыл жасалған ЭКҰ сәтсіз болса, квотаны келесі жылға да ала алады. Келесі жылы сәтсіз болса одан кейінгі жылда да  беріледі.  Қысқасы,  отбасылық жұптар бағдарламамен берілетін квотаны 42 жасқа дейін ала алады. 


«Аңсаған сәби» бағдарламасына әйел жалғыз өзі (жалғызбасты әйел) қатыса алмайды. Квота тек ерлі -зайыптыларға беріледі. Өйткені, бұл бағдарламада аталық ұрық беру қарастырылмаған. Заңды некеде болмағанымен, азаматтық некеде болса да әйелдің өзінің жолдасы болуы керек, егер азаматтық некеде болса, әйел де, ер азамат та басқа некеде болмауы және ол нотариуспен анықталған болуы керек.

Жанаргүл Көкенайқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу