Тілсіз жау тоқтатылды: Зайсанда қамыс пен құрғақ шөп өрті толық сөндірілді

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында қамыс пен құрғақ шөптің жануынан шыққан ауқымды өрт толық сөндірілді. Тілсіз жау батпақты, өту қиын жерде тұтанып, шамамен 840 гектар аумақты шарпыған.
Өрттің елді мекендерге таралу қаупі болмады, адам өміріне қауіп төнген жоқ.
Өртпен күреске 400-ден астам адам мен 70 техника, оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Желдің күші кей жерлерде 20 м/с дейін жетіп, өртті ауыздықтауға едәуір кедергі келтірді. Жерден бөлек, Ми-8 тікұшақтары арқылы әуеден сөндіру шаралары жүргізілді.
Өрт толықтай сағат 19:30-да сөндірілді.
Айта кетейік, жағдай облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың жеке бақылауында болды.