KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 5 м/с, ОШ
515.03 584.82 6.24

Қозғалыс қалпына келтірілді: «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» тасжолы қайта ашылды

Фото: «Қазавтожол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының баспасөз қызметі

16.04.2025, 15:00 135 Төлеуғазы Жансая

2025 жылғы 16 сәуір күні сағат 14:30-да республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 56-шақырымында барлық көлік түрлеріне арналған қозғалыс толық қалпына келтірілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, 15 сәуір күні кешкі сағат 20:00 шамасында аталған жол учаскесінде жол жиегінің шайылуы тіркеліп, қауіпсіздік мақсатында 6–166 шақырым аралығындағы жол бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген болатын.

 

«Жол жиегінің шайылуына еңістен және жер асты суларынан келген ылғалдың шамадан тыс жиналуы себеп болды. Қауіптің алдын алу үшін жол жабылып, шұғыл жөндеу жұмыстары қолға алынды», – деді «КАЖсервис» ЖШС ШҚО филиалының директоры Нұрлан Әзімбаев.

Мамандардың мәлімдеуінше, бұл учаске су тасқыны жиі тіркелетін қауіпті аймаққа жатпайды. Мұнда су өткізу құбырлары жоқ, осыған дейін тасқын қаупі байқалмаған.

Орын алған жағдайды жоюға «КАЖсервис» ЖШС ШҚО филиалы мен «Kurylys Group RK» ЖШС мердігер компаниясының мамандары бірлесіп жұмылды. Бар болғаны 16 сағат ішінде жол жабыны толық қалпына келтірілді. Құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 22 техника бірлігі мен 30 адам қатыстырылды. Жол бөлігін нығайту үшін 4000 тонна тау жынысы төселді.

«Осинов асуын айналып өтетін 56–72 шақырым аралығындағы жолды қайта жаңғыртып жатқан мердігер мекеме қажетті техниканы және материалдарды тегін ұсынып, уақытылы көмек көрсетті», – деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.

Қазіргі уақытта жолдағы қозғалыс толық қалыпқа келтірілді. Барлық бағыттар бойынша көлік қатынасы штаттық режимде жүзеге асуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу