KZ
Өскемен
+28°
переменная облачность жел 1 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Қанипа Бітібаеваның мерейтойы аясында мектепке жаңа зертхана сыйға тартылды (видео)

18.04.2025, 14:05 370 Айдос Мырзахметов

Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен Қанипа Бітібаеваның туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Қанипа Бітібаеваның педагогикалық мұрасы және қазақ тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынның мақсаты – ұстаздың технологиясы негізінде жаңашыл ізденістегі шығармашыл педагогтардың іс-тәжірибесімен танысу және педагог мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау.

Ғалымдар мен ұстаздар қауымы бас қосқан конференция Қанипа Бітібаеваның 80 жылдық мерейтойына арналған «Тау тұлғалы тау қызы» атты естеліктер жинағының тұсаукесерімен басталды.

– Бүгінгі конференцияның маңыздылығы – Қанипа Омарғалиқызын тек еске алу ғана емес, ұлықтап, мақтау ғана емес, Хан апа сынды соңынан із қалдырған, сара жолын қайта жалғау үшін бас қосып отырмыз, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Келелі жиынға шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, білім беру орталықтарының қызметкерлері, облыстық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп директорлары мен тіл пәндерінің мұғалімдері қатысты.

– 20 ғылыми кандидат, 6 педагогика ғылымдарының докторы, 5 PhD докторы – шәкірттері арасынан шықты деп жатыр. Сансыз шәкірттердің тіл мен әдебиет саласында көрсетіп отырған жоғары жетістіктерінің барлығы – Қанипа апамыздың мұрасы, жемісі, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Конференция барысында Оқу-ағарту министрі Қанипа Омарғалиқызы еңбек еткен «Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» 18 миллион теңгеге зертханалық кабинетпен жабдықталатынын мәлімдеді.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу