KZ
Өскемен
+27°
переменная облачность жел 2 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Өскемендік жауынгерлер бітімгерлік миссиядан елге оралды

21.04.2025, 17:00 243 Гульжан Мусина

БҰҰ-ның Бақылау және Қадағалау күштері (UNDOF) миссиясы аясында Голан жоталарында бір жыл бойы қызмет атқарған Қазақстанның тұңғыш бітімгерлік контингенті елге оралды. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысынан, Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінен бес жауынгер бар.

139 адамнан тұратын қазақстандық бітімгерлік рота өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындады. Сарбаздар жауапкершілік аймағында патрульдік қызмет атқарып, жүк жеткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар гуманитарлық көмек көрсету ісіне де белсене атсалысты.

– Бір жыл ішінде қазақстандық контингент 600-ден астам тапсырманы орындады. Атап айтқанда, төрт эвакуациялық операция жүргізіп, 400-ден астам жарылмаған оқ-дәріні жойды. Бұл – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды үлес. Жерлестеріміздің осындай халықаралық миссияға қатысып, елге абыроймен оралуы – үлкен мақтаныш. Олар жоғары тәртіп пен кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетті. Бұл – болашақ офицерлер мен сарбаздар үшін зор өнеге. Біз олардың ерлігін лайықты бағалап, әскери қызметтің абыройлы жолын жалғастыра береміз, – деді 27943 әскери бөлімінің штаб бастығы, полковник Ерденбек Ахметов.

Бітімгерлік миссия – еліміздің Қарулы Күштері үшін тек жаңа тәжірибе ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Елге оралған сарбаздарды туған-туыстары мен әскери басшылық зор қуанышпен қарсы алды.

Қазақстандық бітімгерлердің бұл алғашқы тәжірибесі алдағы уақытта халықаралық миссияларға қатысуға берік негіз болатыны сөзсіз.

Фото: ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу