Шығыс Қазақстан делегациясы Қытайдың Қарамай қаласындағы озық IT-хабтарды аралады
Бүгін Шығыс Қазақстаннан арнайы барған делегация Қытайдың Қарамай қаласындағы жетекші IT-хабтарды аралап, цифрлық технологиялар саласындағы заманауи жетістіктермен танысты. Іссапар аясында делегация мүшелері Қарамай бұлтты есептеу индустриялық паркі, сондай-ақ Huawei мен China Mobile компанияларының орталықтарында болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл орталықтар жасанды интеллект, бұлтты есептеу, деректерді сақтау мен қорғау сияқты салаларда алдыңғы қатарлы шешімдерді енгізіп, түрлі секторлардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыр. Делегация мүшелері хабтардың инфрақұрылымы, жұмыс тәртібі және инновациялық экожүйесімен жан-жақты танысты.
Экскурсия барысында делегация өкілдері технологиялық орталықтардың жұмысына жоғары баға беріп, бұл тәжірибені Шығыс Қазақстанда да енгізу мүмкіндіктерін қарастырды. Олар Қарамайдағы инновациялық шешімдер цифрлық трансформацияны жеделдетуге, тиімді басқару жүйелерін құруға және жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Бұл халықаралық сапар тек білім мен тәжірибе алмасуға емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы IT және инновация салаларындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Алдағы уақытта осындай байланыстар бірлескен жобалардың бастамасына айналуы мүмкін.



