Жаңа жыл қарсаңында ЖМҚ пультіне 56 мыңнан астам шақырту түскен
Жаңа жыл қарсаңында еліміздің жедел медициналық қызмет (ЖМҚ) мамандары қарқынды жұмыс істеді.
Өткен жылдың соңғы екі күнінде республикада жедел медициналық жәрдем пультіне тұрғындардан 56 мың шақырту келіп түсті. Оның ішінде 1-3 шұғыл санаттағы шақыртулар 34 мың болса, 4 санат бойынша 22 мың шақырту түсті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл ретте ең көп шақырту Алматы қаласында – 5800, Алматы облысында – 5000-нан астам, Астана қаласында 4000-нан астам, Шымкентте 3000-нан астам шақырту болған.
Жалпы, осы күндері 150 мыңнан астам халқы бар елді мекендердегі көпбейінді ауруханалардың жанындағы 80 травматологиялық пункт жедел травматологиялық көмек көрсетті.
Мереке күндерінде ел халқына жедел медициналық көмек көрсету үшін бір ауысымда 1 503 ЖМК бригадасы, оның ішінде 273 бригада мамандандырылған (дәрігерлік) және 1 230 фельдшерлік бригада жұмыс істейді.
МСАК ұйымдарында 4 санаттағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 464 бригада жұмыс істейтін болады.