Катонқарағайда жаңа асфальт зауыты салынып жатыр – ауыл жолдары жөнделіп, тұрақты жұмыс орындары ашылмақ
Катонқарағай ауданында халық үшін жағымды жаңалық: аудан әкімдігінің бастамасымен және «Өскемен-Тазалық» ЖШС-нің қолдауымен Шыңғыстай ауылының маңында жаңа асфальт-бетон зауытының құрылысы басталды.
Жоба өңірден шыққан кәсіпкер, Берел ауылының тумасы Айдос Байғонысовтың жетекшілігімен іске асуда. Ол туған жерінің инфрақұрылымын дамытуға үлес қосуды басты мақсат етіп отыр.
Зауыттың құрылысы 2025 жылғы наурызда басталған. Қазірдің өзінде нысанға 280 миллион теңгеден астам инвестиция тартылып, жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жоба алаңы — 2 гектар, қажетті құрылғылар мен материалдар Қытайдан жеткізілген.
Құрылыс мамыр айының соңына дейін аяқталып, зауыт іске қосылады деп күтілуде. Мұнда 10 адам тұрақты жұмысқа орналасады, барлығы ресми түрде еңбек шарттарымен қамтылады. Жалақы қызметкердің тәжірибесі мен біліктілігіне байланысты белгіленбек.
Ең қуантарлығы — зауыт іске қосылмай жатып, Барлық, Ақсу, Берел және Аршаты ауылдарын жалғайтын жолдарды асфальттау жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Бұл ауыл тұрғындары үшін жол қатынасын жақсартып, өмір сүру деңгейін көтереді.
Асфальт шығаруға қажетті шикізат Еңбек ауылы маңындағы карьерден алынады. Бұл өз кезегінде жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.
Жаңа асфальт зауыты — тек өндірістік нысан ғана емес, ауданның дамуына серпін беретін маңызды қадам. Жақын арада жаңарған жолдар, жаңа жұмыс орындары мен заманауи өндіріс ел игілігіне қызмет ететін болады.