Абай облысында алтын өндіру зауыты іске қосылды
2024 жылдың қарашасында Абай облысының Көкпекті ауданында алтын мен күміс қорытпасын өндіретін жаңа зауыт пайдалануға берілді. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экономикасына елеулі үлес қосады.
Зауыттың құрылысын жүзеге асырған — «Altyn Samruk Qazaqstan» АҚ-ның еншілес кәсіпорны, 2024 жылғы 15 қарашада қатты пайдалы қазбаларды өндіруге №150-МЛ лицензиясын алған «Eastern Gold» ЖШС.
Зауыт 200 000 тонна алтын рудаларын өңдеуге, 200 кг-ға дейін ДоРе (алтын-күміс) қорытпасын өндіруге қауқарлы. Кәсіпорын өндірісте толық циклді қамтамасыз етеді: кен өндіруден бастап дайын қорытпаларды шығаруға дейін. Мұнда 60-қа жуық жергілікті маман жұмыс істейді, олардың қатарында инженерлер, техникалық қызметкерлер және көмекші сала қызметкерлері бар.
Кен зауытқа жақын орналасқан «Родниковое» және «Белая Горка» карьерлерінен жеткізіледі. Қазіргі таңда расталған қорлар көлемі зауыттың кем дегенде 8-10 жыл тұрақты жұмыс істеуіне жеткілікті.
Алтын өндіру зауыты Қазақстандағы алтын рудасын өндіру мен өңдеуді дамытуға ықпал етеді. Зауыттың өндірген ДоРе қорытпасы елдің алтын өңдеу кәсіпорындары, соның ішінде «Тау-Кен Алтын» ЖШС үшін маңызды шикізат көзіне айналады. Сонымен қатар, бұл жоба облыстық және республикалық бюджетке тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізеді.
Дереккөз: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі