Риддерде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Риддер қаласында патриоттық рухты дәріптейтін салтанатты жиын өтті. Бұл шара – ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтарға құрмет білдіріп, болашақ ұрпаққа үлгі көрсетуге арналған игі дәстүрдің жалғасы.
Салтанатты жиында қала әкімі тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетіп, қиын-қыстау кезеңдердегі баға жетпес еңбектері үшін шын жүректен алғыс білдірді. Ардагерлерге мерекелік медальдар табысталып, елдің амандығы мен тыныштығы жолындағы қажырлы еңбектері жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, қызмет барысында ерлік пен жанқиярлық танытқан полиция және азаматтық қорғаныс бөлімінің қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Олар арнайы марапаттарға ие болды.
Мерекелік жиын соңында Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті хорының өнерпаздары риддерліктерге әсем әндерден шашу шашып, көпшіліктің көңілін көтерді. Әскери рух пен бейбіт күннің қадірін ұлықтаған бұл шара қала тұрғындарына ерекше әсер қалдырды.





