KZ
Өскемен
-28°
туман жел 1 м/с, С
509.63 592.34 6.54

Өскеменде «Саптық ән және шеру» байқауы өтті (видео)

8.05.2025, 15:15 801 Айна Бакимбаева

Өскемен қаласындағы №24 мектепте Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше патриоттық шара — «Саптық ән және шеру» байқауы өтті. Мектеп оқушылары сап түзеп, патриоттық әндер орындап, ел мен ерлік рухын дәріптеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Байқауға жетінші, сегізінші және тоғызыншы сыныптың оқушылары қатысып, отансүйгіштік рухтағы әндерді орындап, саптық шеберліктерін көрсетті. Шараның мақсаты — жас буынның бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, әскери қызметке деген құрмет пен ел тарихына тағзым ету.

Тағылымды шараға ардагерлер, ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының өкілдері, Ауған соғысы ардагерлерінің «Өскемен ұйымы» қоғамдық бірлестігі, Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Арман Қожамқұлов және 5518 әскери бөлімнің командалық құрамы қатысты.

Шара салтанатты түрде Мемлекеттік Әнұранмен ашылып, қатысушылар майдан даласынан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

— Бұл байқау — мектебіміздің дәстүрлі іс-шарасы. Әр сынып үлкен дайындықпен келді. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызды бір жолы — осындай жобалар. Ардагерлерді шақырып, оқушылармен кездесулер өткізу — жыл сайынғы үрдісіміз, — деді мектеп директоры Ләззат Мауытхан.

Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, запастағы майор Жанболат Қамзағалиев те бұл байқаудың тәрбиелік және тарихи маңызын атап өтті:

— Соғыс жылдарында ән сарбаздарға рух берді. Ән — батырлықты ұмыттырмайтын қуатты құрал. Сондықтан мұндай байқаулар — тарих пен ерлікті ұлықтаудың бір жолы.

7-«К» сынып оқушысы Томирис Қараталова да бұл шараның маңыздылығын айтты:

— Біз патриоттық әндер орындап, жыл бойы үйренгенімізді көрсеттік. Мұндай байқаулар бізге ел мен жердің қадірін ұғындырады.

Байқау соңында оқушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, кинотеатр, театр және музейге баруға арналған билеттерге ие болды.

Мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеп, бейбітшіліктің құндылығын сезінуге ықпал етеді.

 

Фото/видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу