Өскеменде Жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық концерт өтті (видео)
Өскеменде Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңіс пен бейбітшілік әндері» атты әсерлі де мазмұнды мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты кешті Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы мен Станислав Цих жетекшілік ететін эстрадалық театр бірлесіп ұйымдастырды. Концертке арнайы шақырылған соғыс және тыл ардагерлері, қала тұрғындары мен оқушылар, қонақтар қатысты.
Үш сағатқа созылған концертте соғыс жылдары туған әндер шырқалып, жүрек тербетер бейнебаяндар көрсетілді. Әр қойылым көрерменді тарих беттеріне жетелеп, майдан мен тылда жан аямай еңбек еткен жандардың ерлігін еске салды.
Кеш барысында филармонияның белгілі әртістері Вячеслав Ткач, Жанат Бисимбаев, Арника Байбосынова, Абай Қайырбек сынды әншілермен қатар, ШҚО Полиция департаментінің ансамблі, мүмкіндігі шектеулі балалар тобы және С.Цих атындағы эстрадалық театрдың жас өнерпаздары өнер көрсетті. Барлығы 70-ке жуық әртіс сахнада өз шеберліктерін паш етті.
Ардагерлер мен көрермендер толқынысқа толы кештен ерекше әсермен қайтты. Олар үшін бұл концерт – құрмет пен риясыз алғысқа толы ұрпақ үніндей болды.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Ермек Жиенбеков















