ШҚО-да 2000-нан астам жұмыс орны ұсынылған жәрмеңке өтті (видео)
Өскеменде «Шығыс маманы» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 2500-ден астам адам келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жәрмеңке алаңына колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, биылғы түлектер ғана емес, болашақ мамандығын енді айқындап жүрген жастар да жиналды. Олар өңірдегі 113 жұмыс берушімен В2В кездесіп, болашақ кәсібі жайлы мағлұмат алып, алғашқы кәсіби қадамдарын жасауға мүмкіндік алды.
Жәрмеңке барысында қатысушылар HR-менеджерлермен ашық сөйлесіп, түйіндеме жазу, сұхбаттан өту тәрізді маңызды дағдыларды меңгеріп, еңбек нарығына бір табан жақындады.
Шараны ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен ШҚО Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды. Негізгі мақсат – жұмыс берушілер мен жастар арасындағы байланысты нығайту, нақты жұмысқа орналасуға жол ашу.
Өңірдегі ірі кәсіпорындар – «Казцинк», Өскемен титан-магний комбинаты, «AN GROUPS» секілді өндіріс орындары өздеріне қажет мамандарды дәл осы алаңнан іздеді. Олар тек бос орындарын ұсынып қана қоймай, компаниядағы еңбек шарттары, мансаптық өсу мен әлеуметтік жеңілдіктер туралы жан-жақты ақпарат берді.
Жәрмеңкеге келгендердің бірі – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың 3-курс студенті Глеб Дельмаев. Ол – шетелде тағылымдамадан өткен, зауытта тәжірибе жинаған білім алушы.
Жәрмеңке аясында «Бірінші жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары туралы да кеңінен ақпарат берілді. Қатысушылар алдын ала анкета толтырып, сұхбаттасу кезеңінен өтіп, заңгерлер мен кеңесшілерден нақты жауап ала алды.
Жәрмеңке нәтижесінде көптеген жас маман тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды, ал бірқатар қатысушы нақты жұмысқа орналасуға ұсыныс алды. Шығыс Қазақстанда кәсіби мамандарға деген қажеттілік артып келеді. Осы секілді іс-шаралар жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыратын маңызды алаңға айналуда.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников














