KZ
Өскемен
-27°
переменная облачность жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Қазақстанның тың туристік бағыттары: Тарбағатай ТОП-5 қатарында

Фото: silkadv.com

15.05.2025, 17:00 662 Гульжан Мусина

Қазақстанның табиғи байлығы мен мәдени мұрасы ерекше. Елдің әр өңіріндегі табиғи ландшафттар, тарихи-мәдени ескерткіштер мен этнографиялық құндылықтар ішкі туризмнің жаңа бағыттарын қалыптастырып келеді. Танымал туристік аймақтармен қатар, әзірге кеңінен насихатталмаған, бірақ туристік әлеуеті жоғары мекендерге деген қызығушылық арта түсуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

1. Тарбағатай таулары (ШҚО және Абай облысы)
Бұл – Шығыс Қазақстандағы көз тартар, оқшау орналасқан таулы аймақ. Мұнда петроглифтер, жайлаулар және табиғи ландшафттар сақталған. Бұл өңір жаяу туризм мен этнотуризмге қызығатындар үшін таптырмас орын. Өңірде көшпелі өмір салтының элементтері әлі де сақталған.

2. Қорғалжын қорығы (Ақмола облысы)
Қорғалжын қорығы Астанадан небәрі екі сағаттық жерде орналасқан. Бұл – әлемдегі қоқиқаздар ұя салатын ең солтүстік аумақ. Қорық ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» нысанына кірген. Көктем мен жаз айларында мұнда қоқиқаздар ғана емес, жүздеген сирек құс түрін көруге болады.

3. Маңғыстаудың солтүстік бағыты (Маңғыстау облысы)
Бұл өңірдің әлі кең танылмаған, бірақ ерекше табиғи және тарихи нысандарға бай бөлігі. Олардың қатарында – Жығылғанның құлауы, Қапамсай шатқалы, Торыш шарлары алқабы, сондай-ақ Сұлтан үпі мен Шақпақ-Ата жерасты мешіттері бар. Бағыттың негізгі орталығы – туристік қызметтер кешені бар «Сартас» визит-орталығы.

4. Оңтүстік Қазақстанның үңгірлері мен шатқалдары

Ақмешіт үңгірі (Түркістан облысы) – ішіне күн сәулесі түсетін алып карст қуысы бар ерекше геологиялық нысан.

Сайрам-Су шатқалы (Түркістан облысы) – Батыс Тянь-Шаньның көрікті бөлігі. Мұнда тау өзені, панорамалық көріністер мен серуен жолдары орналасқан.

5. Түрген шатқалы мен сарқырамалары (Алматы облысы)
Шетелдік туристер арасында кеңінен танымал болмаса да, табиғи көркемдігімен және қолжетімділігімен ерекшеленеді. Бұл жер Алматыдан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда альпі шалғындары, аршалы ормандар, бұғы фермалары мен аю сарқырамасы секілді бірнеше сарқырамалар бар.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу