Марқакөл мен Қанас көлі: 316 шақырымдық туристік бағыттың болашағы

Қытайдың әйгілі Қанас көліне жыл сайын 10 миллион турист келеді. Егер Теректі ауылы арқылы өтетін жаңа шекара өткелі мен өткізу бекеті ашылса, осы туристердің бір бөлігін Шығыс өңіріне тартуға мүмкіндік туады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Марқакөл ауданында Теректі өткізу бекеті салынса, бұл Марқакөл мен Күршім аудандарында шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Туристік бағыт бір сапар аясында Марқакөл көлі, ескі Австрия жолы және "Берел" мұражай-қорығы сияқты көрнекі жерлерді тамашалауға мүмкіндік береді.
Бұл бағыт тек туристік инфрақұрылымның маңызды элементі ғана емес, өңір экономикасының өсуіне, туристер ағынының артуына және инвестиция тартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, жоба жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашады.
Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткен брифингте облыс әкімі Ермек Көшербаев Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді перспективалары бар екенін атап өткен болатын. Әкімнің айтуынша, Қытай тарапымен Марқакөл ауданындағы Теректі және Ақгүбек ауылдары маңында жаңа шекара өткелін ашу және Марқакөл көліне дейін жол салу мәселелері талқылануда.
Ұзындығы 316 шақырым болатын бұл туристік бағыт ШҚО аумағындағы Марқакөл мен Қытайдағы Қанас көлдерін жалғайды. Ауданның туристік әлеуеті экологиялық, ауылдық, емдеу-сауықтыру және мәдени-танымдық туризм түрлерін қамтиды. Негізгі туристік нысандарға Марқакөл қорығы мен ескі Австрия жолы кіреді.
Марқакөл ауылында 1 қонақүй, ал Урунхайка ауылында 2 қонақүй қызмет көрсетеді. Қорық аумағында екі туристік бағыт әзірленген: "Марқакөлдің кіші шеңбері" және "Марқакөл соқпағы". Болашақта жазғы және қысқы туризм үшін "Үлкен балқарағай соқпағы", "Мектеп оқушыларына арналған шағын соқпақ" және "Ескі Австрия жолындағы жаңа туристік соқпақ" іске қосылмақ.
Марқакөл ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Бейсеновтың айтуынша, қазіргі уақытта келушілер саны 0,6 мың адамды құрайды, бұл облыс бойынша туристердің жалпы санының 3,7%-ын ғана қамтиды. Қонақүй орындарының саны 70 төсек-орынды құрайды, ал болашақта бұл көрсеткішті 126 төсек-орынға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы 102,9 мың гектар аумақты алып жатыр. Қорықтың 58,5 мың гектары құрлықты, ал 44,4 мың гектары көл акваториясын қамтиды. Қорық Алтайдың оңтүстік бөлігінің табиғи кешендерін сақтау, Қара тайга биоценоздарын қалпына келтіру және Марқакөл көлінің экологиясын зерттеу мақсатында құрылған.
Жоба туризмді дамыту арқылы аймақтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Жанаргүл Мұқатай