KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 3 м/с, З
512.83 600.58 6.36

Сенаторлар: ШҚО-да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жемісін беруде (видео)

15.05.2025, 19:07 3 849 Жанаргүл Көкенайқызы

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Өскемендегі білім беру мен спорт салаларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сәтті жүзеге асып, ел игілігіне жарап жатқан жобалармен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Парламент Сенатындағы Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов бастаған халық қалаулылары, сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов және «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ өкілдері Өскемендегі №37 көпсалалы орта мектептегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған мектеп асханасының қызметімен танысты. Іші заманауи безендірілген, дәмханаға кіргендей әсер қалдырған бұл мектеп асханасының иесі — өскемендік кәсіпкер жобаға 25 млн теңге қаржы құйған. Енді ол  заман талабына сай қайта жаңғыртып, жөндеу жүргізген асханада  жеті жыл бойы мемлекеттік тапсырыс негізінде белгілі бір санаттағы оқушыларды тегін тамақтандырып, өзге оқушыларды да ыстық тамақпен қамтып, мемлекет алдындағы міндеттемесін орындап, кәсіпкерлігін алаңсыз жүргізбек.
Делегация одан кейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асып жатқан тағы бір жоба — Б.Александров атындағы Спорт сарайына барды. «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев 2018 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты негізінде Спорт сарайын күтіп ұстау қызметін көрсетіп келе жатқан «Алма Сервис» ЖШС-нің жұмысы жайлы, сондай-ақ заманауи жабдықталған кешенде жаттығып жатқан спортшылар мен хоккейшілердің жетістіктері туралы баяндады.
Сенаторлар Өскемендегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған «MURAGER»  балабақшасына да барды. Мемлекет пен түрлі саладағы кәсіпкерліктің өзара тиімді ынтымақтастығының жарқын көрінісі болып отырған бұл балабақша бүгінде бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отыр. Аталған нысандарды аралау мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының аймақтағы білім беру, спорт саласында тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетті.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мақсаты — мемлекеттің, бюджеттің қаржысын үнемдеп, тиімді жұмсай отырып, кәсіпкерлерге табыс табуға мүмкіндік жасау. Парламент Сенатындағы Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Шығыс Қазақстанға осы мүдденің, міндеттің орындалуын тексеруге келді. Сонымен қатар, облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ойдағыдай жүзеге асырылуына қандай кедергілер бар екенін, заң жүзінде қандай жағдайлар туындап, қандай өзгерістер енгізу қажет екенін сараптап, шаралар қабылдаудың жолдарын қарастыру — сапардың негізгі мақсаты,- деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков.

Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1,2 триллион теңгенің 789 жобасы жүзеге асырылуда. Шығыс Қазақстанда білім беру мен спорт саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бірнеше жобалар нәтижелі іске асырылуда. Алдағы уақытта осындай жобаларды ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларында да кеңейту қажет.

– Сапарымыздың соңында жергілікті қаржы мәселелеріне байланысты туындаған мәселелерді шешу жолдарын талқылап, Үкіметке өз ұсыныстарымызды енгіземіз», — деп түйіндеді халық қалаулысы.

Жұмыс барысында облыстағы осындай оң тәжірибені өңірлік және республикалық деңгейде кеңейту мүмкіндіктері де талқыланды.

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу