«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталды (видео)

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысуға өтінім қабылдау басталды. Байқау отбасылық құндылықтарды нығайтуға, жауапты ата-аналық пен ерлі-зайыптылықты насихаттауға, балалар тәрбиесіне деген жауапкершілікті арттыруға және қазақстандық отбасының жағымды бейнесін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылғы байқауға өтінімдер 15 мамырдан 15 маусымға дейін қабылданады. Қатысушылар өтінімдерін Өскемен қаласы, Чехов көшесі, 33, 4-кабинетке немесе 265119ops@mail.ru электронды поштасына жолдай алады. Қосымша ақпаратты 8 (7232) 26 47 68 нөмірі арқылы немесе WhatsApp желісі арқылы 8 705 526 16 40 телефонынан алуға болады.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қалалық және аудандық кезең 15 маусымға дейін өтеді. Одан кейін облыстық кезең 17 шілдеге дейін жалғасады. Қорытынды республикалық кезеңде жеңімпаздар туралы бейнематериалдар әзірленіп, 12 қыркүйекте Отбасы күні қарсаңында салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Жеңімпаз отбасыларға дипломдар, арнайы естелік белгілер және бағалы сыйлықтар табысталады. Байқау үлгілі отбасыларды насихаттау арқылы қоғамдағы рухани тұтастық пен ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат етеді.