Сапасыз стоматологиялық қызмет көрсеткен емхана жауапкершілікке тартылды

Фото: pixabay.com
Сапасыз стоматологиялық қызметтер көрсетілген жағдайда тұтынушыларда жиі мынандай сұрақтар туындайды: қандай емді сапасыз деп есептеуге болады, ақшаны қайтаруға немесе қателікті түзетуді талап етуге бола ма?
Осындай жағдаймен Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚР Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне бір тұрғын тіс емханасына қатысты шағыммен жүгінді.
Тұтынушы тіс жегісін емдету үшін емханаға барып, Септанест препаратымен жергілікті анестезия алған. Алайда емнен кейін оның жағдайы нашарлай бастаған: алдымен жеңіл жүрек айну пайда болып, кейін ол күшейіп, бірнеше мәрте құсу, тахикардия және есту қабілетінің төмендеуі байқалған.
Кейіннен естудің нашарлауына байланысты тұтынушы қосымша медициналық көмекке жүгініп, дәрігердің нұсқауы бойынша тексеруден өткен, ем қабылдаған. Бұл шығындар тұтынушыға айтарлықтай материалдық зиян келтірген.
Осыған байланысты тұтынушы емхананың атына жазбаша шағым жолдап, материалдық және моральдық шығынды өтеуді талап еткен. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, орындаушы тұтынушының шағымына 10 күнтізбелік күн ішінде дәлелді жауап беруге міндетті. Алайда бұл мерзім ішінде емхана тарапынан жауап берілмеген.
Аталған факті бойынша департамент жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижесінде кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданды.
Материалдық және моральдық зиянды өндіру мәселесіне қатысты департамент тұтынушыға сот арқылы жүгіну керектігін түсіндірді.
Сонымен қатар, департамент ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 35-бабына сәйкес, тұтынушы сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда келесі талаптарды қоюға құқылы екенін еске салады:
Қызметтегі кемшіліктерді өтеусіз жоюды талап ету;
Қызмет құнын азайтуды сұрау;
Сол сападағы басқа қызметті қайта өтеусіз орындауды талап ету;
Өз бетінше жойған кемшіліктерге кеткен шығындарды өтеуді талап ету (шартта көрсетілген жағдайда).
Тұтынушылық құқықтарыңыз бойынша кеңес алу үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне (Өскемен қ., Крылов к-сі, 114, тел. 8 (7232) 26 72 07) жүгінуге болады.
ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысы
А. Сағидолдин