KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 1 м/с, С
503.9 603.32 6.61

Жасөспірімдердің жазғы еңбегі – тәжірибе ме, тәуекел ме? (видео)

Фото: Жасанды интеллект

20.05.2025, 16:30 343 Арайлым Орсаринова

Жаз мезгілінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін демалыс басталады. Бұл кезеңде жастардың басым бөлігі уақытша жұмысқа орналасуға ұмтылып, еңбекке араласады. Осы орайда, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің еңбек құқықтары қаншалықты қорғалған? Олар еңбегіне сай жалақы ала ма? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов Altainews.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында тарқатты.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында барлық қызметкерлердің, оның ішінде он сегіз жасқа толмаған азаматтардың еңбек қатынастарына қатысты ерекше талаптар айқындалған. Мемлекеттік саясаттың басты бағыты – жасөспірімдердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және олардың заңды мүдделерін қорғау. Қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес, елімізде жұмысқа орналасуға рұқсат етілетін ең төменгі жас мөлшері – 16 жас. Алайда кейбір жағдайларда, ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен, 14 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Бұл жағдайда жұмыс оқу процесіне және денсаулыққа зиян келтірмеуі шарт.

– Еңбек кодексіне сәйкес, 14-15 жастағы балалар аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Ал 16-18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге 36 сағатқа дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Бұл ретте ата-ананың жұмыс берушімен кездесіп, жазбаша келісім беруі маңызды. Егер мекеме өкілдері бұл талаптарды ескермесе, заңбұзушылықтары үшін тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, түнгі уақытта – кешкі сағат 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін – жасөспірімдерді жұмысқа тартуға қатаң тыйым салынған, – деді ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жасөспірімдерді ауыр, зиянды немесе қауіпті жағдайдағы жұмыстарға тартуға болмайтынын атап өтті. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген жұмыс түріне рұқсат етілмейді. Бұған қоса, жұмыс беруші жас қызметкерлермен міндетті түрде жазбаша еңбек шартына отыруы тиіс. Себебі еңбек шартынсыз, еңбек дауы туындаған жағдайда, жас жұмыскер өз құқықтарын толық көлемде қорғай алмауы мүмкін.

– Егер жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын орындамаса және жасөспірімдердің еңбегін заңсыз пайдаланса, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі мен «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді Бақытбек Қизатов.

Сонымен, жазғы демалыс – жасөспірімдер үшін алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, өз бетімен табыс табудың бастауы. Сондықтан олардың құқықтары мен қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында болуы тиіс. Осы тұрғыда мамандар жасөспірімдердің еңбек қауіпсіздігін қорғау – бүкіл қоғамның, соның ішінде жұмыс берушілердің, ата-аналардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.

Арайлым Орсаринова
Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу