Мария Баймұханқызы – «Үміт» балалар үйінің директоры. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, елу жылдық ұстаздық қызметімен бір ұрпақты тәрбиелеп өсірген Мария Баймұханқызының еңбегін риддерліктер жоғары бағалап, «Ана болу – тағдырыма жазылған» атты мерейтойлық концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
– Риддер балаларының өнеріне тәнтімін. Бұл өңірдің халқының шығармашылық шеберлігі бүкіл Қазақстанға мәлім. Бүгінгі еңбегімізді елеп, құрметтеп жатқан Риддер жұртшылығына алғысымыз шексіз. Президентіміз «әр баланың үнін естуіміз керек» деген болатын. Әр бала бақытты болсын, – деді Мария Бейсеқанова.
«Ел болам десең – бесігіңді түзе» дейді қазақ. Жетімдер үйінің шамын сөндірмей, үміт сәулесін жағып, елге елеулі азаматтар тәрбиелеп келе жатқан Мария Баймұханқызы: «Бүкіл елдің байлығы бір баланың көз жасына татымайды», – дейді.
– Риддер қаласы әкімдігі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әрдайым қолдап, қамқорлық көрсетіп келеді. Көпбалалы отбасыларға да жүйелі түрде көмек көрсетіліп отыр. Бүгін Қазақтың Майра апайына арнап осы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Елу жылдық ұстаздық еңбек – қажыр мен табандылықты, ержүректік пен мейірімділікті қажет етеді. Бүгін Майра Баймұханқызын жеке құттықтап отырмыз. Алдағы уақытта Риддер қаласының шығармашылық ұжымы «Үміт» балалар үйіне барып, арнайы концерттік бағдарлама өткізеді. Қазан айында аталған мекеменің тәрбиеленушілері қаламызға келіп, өнер көрсетеді, – деді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев.
Әсерге толы мерейтойлық шараға Риддер қаласының тұрғындары, мектеп директорлары, бейімдеу орталықтарының қызметкерлері және қала әкімдігі өкілдері қатысып, ұлағатты ұстазға жүрекжарды лебіздерін білдірді.