«Үміттің» балалары Алакөлде демалып жатыр

«Үміттің» балалары Алакөлде демалып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен Алакөл жағалауында дем алып жатыр. Игілікті істің демеушісі «Айгерім» демалыс базасының директоры Айгерім Омаралинова бұл игі дәстүр жыл сайын жалғасатынын тілге тиек етті.
– Міне, бүгін балалардың демалып жатқанына екінші күн. Өздеріңіз білесіздер, «Айгерім» демалыс үйі бұл дәстүрді жыл сайын жалғастырады. Менің әкем Исағали Омаралинов көзі тірісінде бұл бастаманы қолға алған болатын. Әкеміздің ісін ары қарай жалғастыру – бізге аманат. Осы орайда биыл демалуға «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерін арнайы шақырдым, – дейді Айгерім Исағалиқызы.
Аталмыш демалыс үйіне жиыны 33 бала келіп орналасқан.
– Осындай керемет демалыс сыйлаған ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов пен «Айгерім» демалыс орнының директоры Айгерім Исағалиқызына алғысымыз шексіз. Мұнда біз 13-16 жас аралығындағы балалар демалып жатырмыз. Барлығына алғысымыз шексіз, – дейді «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Мақпал Шәкенова.
Жазғы демалыстарын жетекшілерімен бірге Алакөл жағалауында бірінші рет өткізіп жатқан балалар жыл сайын шет елдерді аралап, түрлі демалыс базаларында демалып жүрген. Биыл өзіміздің айдынды Алакөл жағалауын таңдапты және оған еш өкінбейді.