KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Өскеменде «Достарға» әнінің авторы Хасен Закариямен әсерлі кеш өтті (видео)

21.05.2025, 16:10 396 Серік Құсанбаев

Шығыс Қазақстан облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапханада «Күршімнен жеткен күмбір үн» атты шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кештің құрметті қонағы – ақын, журналист, айтыс сахнасының шебері Хасен Закария болды. Өнер жолын 1990-жылдары айтыскер ақын ретінде бастаған ол республикалық деңгейде кеңінен танымал болды.

– Хасекең ел ішін көп аралайтын. Қызықты оқиғалар мен ауылдағы айтқыштардың тапқыр сөздерін жинап жүретін. Сол жазбалары тек газет бетінде ғана емес, кейін жеке жинақтар ретінде де жарық көріп, өз оқырманын тапты, – деді ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов.

Соңғы жылдары Хасен Закария жазба поэзияға ден қойып, өзіне тән қоңыр үнімен терең әрі мағыналы жырларымен оқырман жүрегін жаулап жүр. Оның өлеңдеріне марқұм сазгер Оралхан Көшеров ән жазған. Белгілі әнші Жанар Айжанова орындайтын, көпшілікке кең таралған «Достарға» әнінің сөзін де Хасен ақын жазған.

Ақын ұзақ жылдар бойы облыстық «Дидар» газетінің меншікті тілшісі ретінде Күршім ауданынан репортаждар жазып, өңір тынысын жұртшылыққа жеткізіп келді.

Кеш барысында ақынның жерлестері, сыныптастары оның балалық шағы мен шығармашылық жолына қатысты естеліктерімен бөлісті. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың І курс студенті, жас ақын Әли Ермеков сахнада жырдан шашу шашып, кеш иесінен бата алды.

Көпшілік ақынмен еркін сұхбат құрып, ән тыңдап, ерекше әсермен тарқасты.

Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу