KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
511.92 588.91 6.44

Жаңаша кезек – баспанаға барар әділ де ашық жол

22.05.2025, 09:00 147 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан тұрғын үй саясатын жаңа деңгейге көтеріп отыр. 2025 жылдың 24 мамырынан бастап қазақстандықтар orken.otbasybank.kz порталы арқылы тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде онлайн есепке тұра алатыны мәлімделгелі біраз уақыт өтті. Құзырлы мамандардың айтуынша, ШҚО бойынша баспана кезегіндегілер саны 20 мыңнан асып жығылса, тек Өскемен қаласы бойынша ғана 12 049 адам кезекте тұр. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен арнайы брифингте бұдан былай баспана кімге, қалай үлестірілетіні және осы өзгерістің басқа да түйткілдері егжей-тегжейлі талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Осы аптада іске қосылғалы отырған тұрғын үй кезегіне тұрудың жаңа жүйесі – заманауи цифрлық технологиялардың мемлекеттік қызметтерге кеңінен енгізіліп, әр адамның жағдайын ескеретін жеке “цифрлық портрет” жасау арқылы әділ шешім қабылдауға жол ашатын нақты қадам болып отыр. Бүгінге дейін кезекте тұрған азаматтарға қосымша әрекеттер жасау қажеттілігі жоқ, себебі қазір кезектегі тізім атқарушы органнан банктің дерекқорына тұтасымен көшіріледі. Тек кезек көшірілген соң өз құжаттық деректерінің өзектілігін тексеріп, қажет болса жаңартуы керек. Ал жаңадан кезекке тұратындар толықтай сұратылған құжаттар тізімін өткізуге міндетті.

Айта кетерлігі, orken.otbasybank.kz – жай ғана өтініш қабылдайтын ресурс емес. Ол 14 мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған күрделі алгоритм арқылы үміткердің барлық дерегін автоматты түрде тексеріп, оның шынымен тұрғын үйге мұқтаж екенін нақтылайды. Бұл өз кезегінде заңсыз кезекке тұру мен алаяқтықтың алдын алып, әділеттілікті қамтамасыз етеді.

Жаңа жүйеде деректер ашық сақталып, банктің ресми сайтында мемлекет қолдауымен баспанаға ие болған азаматтардың тізімі жарияланып отырады. Бұл – ел тарихындағы ең ашық тұрғын үй саясатының белгісі.

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың ішінен бірінші кезекте қолдау алатын санаттар нақты бекітілген: ҰОС ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар мен жалғызбасты аналар. Бұл – қоғамның ең осал топтарын қорғау арқылы еліміздегі әлеуметтік әділеттілікті нығайту жолындағы берік қадам.

Ал 2025 жылдың 17 маусымынан кейін барлық әкімдіктерден келіп түскен тұрғын үйге мұқтаждар тізімі Отбасы банкінің жүйесіне толықтай беріледі. Бұл – өтініш беру тәртібін бірыңғайландырып, бір орталықтан басқаруға көшуге мүмкіндік береді.

Қазақстан жаңа жүйе арқылы азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде тың серпін жасап отыр. Мемлекеттен тегін пәтер күтпей, шынайы қолдауға сүйене отырып, нақты өмірлік шешім қабылдауға жол ашатын бұл бастама – әлеуметтік саясаттағы маңызды реформаның бірі.

Брифингке қатысқан “ШҚО жетім балалардың құқықтарын қорғау қоры” қоғамдық бірлестігінің маманы Луиза Миронова бұл санаттағы кәмелет жасқа толған бірқатар азаматтардың жағдайы ауыр болуы мүмкін деген пікірді ортаға салды. Оның айтуынша, ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтар арасында бас бостандығынан айырылғандар, еш жерде тіркеуге тұра алмағандар, байланыс құралы жоқтары да бар. ҚБ өкілі тарапынан “Олардың кезегі келе қалса, бірақ ақпарат жетпесе, жағдай қалай қарастырылмақ?” деген сұрақ қойылды. Оған жауап берген “Отбасы Банкі” АҚ филиалының басшысы Нәзигүл Аққұлова:

– Кезегі келген азаматқа 10 күн ішінде 1414-тен хабарлама жіберіліп, қамқоршылары арқылы, тіпті учаскелік полиция көмегімен де іздеу нәтиже бермей, адам табылмаса – кезек келесі адамға өтеді. Бірақ табылмаған адам баспанаға мұқтаждар кезегінен алынып тасталмайды, кейінге шегеріледі, – деп жауап берді.

Нәзигүл Төлешқызының айтуынша, сол себепті де жетім балалар құқығын қорғайтын ұйымдар жоқ дегенде алғашқы 100 адамды қамтып, оларда телефон нөмірі болуын, ол нөмірдің eGov жүйесіндегі мобильді азаматтар базасында тіркелуіне қолғабыс етсе – аса үлкен әрі тиімді көмек болатынын алға тартты.

БАҚ өкілдері тарапынан 24 мамырда үй кезегіне тұру жүйесі ашыла сала кілең заманауи технологияны сауатты қолдана алатын, құжаттарының электронды нұсқалары түгенделген азаматтар бірінші лекте үлгеріп, осы игіліктерден алыс азаматтар көлеңкеде қалып қою қаупі жоқ еместігі тілге тиек етілді. Бұл тұрғыда жер-жерде аудан-ауылдық әкімдіктер ақпараттық жұмыс атқаруға тиіс екені, ал Банк өз тарапынан әр аудандағы өкілдері арқылы ақпараттандыруды үздіксіз жүзеге асырып отырғаны айтылды.

Бүгінде баспана мәселесін шешу – құрылыс саласын дамытумен қатар, азаматтардың әлеуметтік теңдігін қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын жақсарту, халықтың мемлекеттік қамқорлықты сезінуіне тікелей әсер ететін маңызды факторға айналды. Бұл ретте еліміз таңдаған бағыт – цифрлық жүйелер арқылы әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін, әлеуметтік мәртебеге қарай нақты қолдау көрсететін оңтайлы үлгі ретінде танылып келеді.

Мұндай жүйелі саясат – әлемдік тәжірибеде көп жағдайда жетіспейтін тетік. Мәселен, АҚШ пен Канадада азаматтар тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешуге міндетті. Онда мемлекет тек аз қамтылған жандарға уақытша көмек көрсетуге құқылы. Ал Германия мен Австрияда тұрғын үй кооперативтері мен құрылыс жинақ кассалары арқылы ұзақ мерзімді жоспарлау мен бірлескен үлес жүйесі кең таралған. Қазақстан болса осы екі бағытты ұштастырып, мемлекет пен азаматтар жауапкершілігін тең дәрежеде бөліп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу