KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
493.85 519.04 4.97

Зайсан ауданында туризмді дамыту: мүмкіндіктер мен мәселелер (видео)

Бүгін, 11:15 52 Гульжан Мусина

Зайсан ауданының экономикасын әртараптандыру үшін туризмді дамыту басты бағыттардың бірі болуы тиіс. Шағын және орта бизнес туризмге ықпал ете алады және бұл халықтың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл туралы ауданға жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Айнабұлақ ауылында тұрғындармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.  

Аудандағы туризм инфрақұрылымын дамыту ісі кең көлемде қолға алынбақ. Қазіргі таңда Зайсанда тоғыз танымал туристік орын бар, 2024 жылы «Saur Tau» демалыс базасында екі қабатты корпус салынбақ. Бірінші орынбасардың айтуынша, бұдан бөлек, Айнабұлақ пен Қаратал ауылдарында 2025 жылы кемпингтер, Дайыр ауылында экологиялық ауыл, Зайсан қаласында мейрамхана-қонақ үй кешені және Арасан-Талдыда демалыс аймағы құрылатын болады. 

Нұрымбет Аманұлы бизнес өкілдерінің туристік салада еркін жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айтты. Бұл ретте Зайсан ауданында 2 санитарлық-гигиеналық торап салу, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту қолға алынуда. Ол әр аудан және ауыл әкімдеріне, келген туристке қолайлы жағдай жасап, экономиканың өсуіне үлес қосуға шақырды. Әрбір әкімнің міндеті — жергілікті сауда мен қызмет көрсету салаларын дамытып, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау.  

Зайсан ауданының туризмді дамыту әлеуеті жоғары болғанымен, салаға қажет қызмет көрсету мәдениетін арттыру ақсап келеді дейді мамандар. Бұл тұрғыда аудан-облыс болып шаралар қабылдануда. Облыстық жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытудың дуалды жүйесі енгізіліп, туризм мамандарына ас әзірлеу, бөлмелерді тазалау және сервистік қызмет көрсету бойынша білім беріле бастады.

Айта кету керек, Шығыстың табиғаты мен кәсіби медицинасы өңірде медициналық және санаторлық туризмді де дамытуға мүмкіндік береді. Облыстық онкология орталығы өз кезегінде республика мен шет елдерден емделушілерді қабылдауды бастады. Бұл жаңа бағыт аймақтың денсаулық сақтау саласының дамуына ықпал етіп, облысқа қосымша табыс әкелмек.  

Төлеуғазы Жансая

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу