Туризм саласы Зайсан ауданының экономикасын әртараптандыруға тиіс
Фото: pexels.com
Бүгінгі таңда Зайсан ауданы үшін экономиканы әртараптандырудың басты бағыты ретінде туризм саласын дамыту өзекті мәселе болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, еліміздің әр өңірі өзінің ерекшеліктерін пайдалана отырып, тұрақты даму жолдарын іздеуі қажет. Зайсан үшін бұл – географиялық мүмкіндіктер мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы туризмді дамыту, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Зайсан ауданында туризм саласының әлеуеті зор. Соңғы жылдардағы статистика бұл бағыттағы оң өзгерістерді көрсетеді:
Биылғы жартыжылдықта аудандағы туристік орындарға 8 372 адам келіп демалған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық (2022 жылы – 5 506 адам).
2028 жылға дейін туризм саласына 2,2 млрд теңгені құрайтын 7 жаңа жоба іске асырылады.
Бұл жобаларға мыналар кіреді: 2024 жылы «Saur Tau» демалыс базасында екі қабатты корпус құрылысы, 2024 жылы Зайсан қаласында қонақ үй салу, 2025 жылы Айнабұлақ және Қаратал ауылдарында кемпингтер (қонақ үй, дәмхана, автотұрақ), 2025 жылы Дайыр ауылында «Эко-ауыл» жобасын жүзеге асыру, 2026 жылы Зайсан қаласында мейрамхана-қонақ үй кешенін салу, 2026 жылы Арасан-Талды термалды сулар кен орнында демалыс аймағын ұйымдастыру.
Сонымен қатар, ауданда туристерге қолайлы жағдай жасау үшін кемінде екі санитарлық-гигиеналық торап салу мәселесі қарастырылуда.
Аудандағы туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған бірнеше маңызды мәселе бар. Бұл – ең алдымен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Жол, электр қуаты, санитарлық-гигиеналық тораптардың жоқтығы туристердің ауданға келуіне кері әсер етеді.
Сондай-ақ, қызмет көрсету сапасының төмендігі мен туристік орындардың стандартқа сай болмауы да – басты проблемалар қатарында. Туризм саласында шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету қажет.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев бұл мәселелерге ерекше мән беріп, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеуде. Әкімдерге қарасты әр ауылға келетін туристің кемінде мың теңгесін жұмсап кетуі үшін жағдай жасау тапсырылған. Бұл дегеніміз – жол бойындағы сервистен бастап, азық-түлік дүкендері мен шағын қонақ үйлердің жұмысын жақсарту.
Зайсан ауданының көрікті табиғаты мен термалды су көздері санаториялық-курорттық туризмді дамыту үшін ерекше мүмкіндік береді. Арасан-Талды термалды сулар кен орнында демалыс аймағын ұйымдастыру – осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі.
Сонымен қатар, өңірде медициналық туризмді дамыту мүмкіндігі зор. Әлемдік деңгейдегі жаңа қондырғылармен жабдықталған облыстық онкология орталығы шет елдер мен өзге өңірлердің тұрғындарын емдеуді бастап кетті. Бұл орталық Түркия мен Корея сияқты елдерде көрсетілетін қымбат қызметтерге балама ұсына алады.
Облыста Катонқарағай ауданындағы Коробиха ауылы туризмді табысты дамытудың жарқын үлгісі ретінде көрсетіледі. Бұл ауылдағы әрбір үй жаз бойы туристер қабылдап, жақсы табыс тауып отыр. Зайсан ауданына да осындай тәжірибені енгізу ұсынылады.
Облыс басшылығы аудан әкімдері мен орынбасарларын Коробиха мен Алматы облысының туристік орындарымен таныстырып, тәжірибе алмасуға жіберді. Ендігі міндет – осындай жобаларды Зайсанда жүзеге асыру.
Туризмді дамыту – бұл тек инфрақұрылым ғана емес, қызмет көрсету сапасын арттыруды да қамтиды. Бұл ретте тамақтандыру, бөлме тазалау және қосымша сервистерді ұйымдастыру бойынша кәсіби біліктілікті көтеру қажет. Осыған байланысты облыста жоғары оқу орындары мен колледждерде дуальді оқыту жүйесі енгізілуде. Бұл тур-бизнес өкілдерінің кәсіби әлеуетін арттырып, қызмет көрсету мәдениетін жаңа деңгейге көтермек.
Туризм – Зайсан ауданы экономикасын әртараптандыру мен дамытудың басты драйверлерінің бірі. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жетілдіру және қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы аудандағы туризм саласын жаңа деңгейге көтеруге болады.
Алдағы жылдары іске асырылатын жобалар мен жоспарлар Зайсанның тек облыс қана емес, республика деңгейінде танымал туристік аймаққа айналуына негіз болары анық. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мен белгіленген жоспарларды сапалы түрде жүзеге асыру.