KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

Риддер - туристік әлеуеті зор қала (видео)

28.11.2024, 12:10 350 Төлеуғазы Жансая

 

Риддердің туристік әлеуетін пайдалану керек. Бұл жердегі туризм қалаға табыс әкелетін серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Бүгін Риддер қаласының тұрғындарымен кездесуінде ШҚО әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиында Нұрымбет Сақтағанов өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғаларға тоқталып өтті. Соның ішінде 2024 жылы 6 қазанда өткен АЭС құрылысы бойынша халықтың 73%-ы қолдап дауыс беру нәтижесін, сонымен қоса өңірдің даму қарқынына жаңа серпін беретін Бұқтырма көпірінің ашылуын ерекше атап өтті.

Жалпы, табиғаты әсем Риддер қаласында туристік саланы дамыту қала экономикасын әртараптандыру бағытындағы басым міндеттің бірі. Уақыт өткен сайын қала аумағындағы туристік нысандар қатарын жаңадан ашылған демалыс орындары толықтырып келеді. Сондай-ақ, бұл саладағы жоспарлы жұмыстар оң нәтижесін беруде.

- Риддердің әсем табиғаты жазғы, қысқы туризмді дамытумен қоса, басқа да түрлерін жетілдіруге әлеуеті зор. Сондай-ақ, бұл жер экотуризм, ауыл туризмімен қоса, емдік-сауықтыру туризмін дамытуға да таптырмас орын. Облыс әкімі тапсырмасы негізінде алдағы уақытта құны 2,4 млд тг-ге 6 жобаны жүзеге асыру міндеттелген. Осының негізінде туристерді сапалы қызметпен қамтамасыз ету бағытында  Өскемендегі Қ. Нұрғалиев атындағы колледждің базасында туризм және қонақжайлық факультетінде  мамандарды дайындау жүктеледі, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік-даму көрсеткіштері мен алдағы жоспары туралы баяндама жасалды. Бүгінде жергілікті облыстық бюджет қоры 586 млрд тг болса, алдағы уақытта осы қаржыдан Риддер қаласын дамытуға 49 млрд тг бөлінбек. Сонымен қоса, 70 млрд тг-ден астам қаржыны кәсіпкерлік инвестиция арқылы  тарту көзделуде.

Бұл бағытта ШҚО әкімі м.а Нұрымбет Сақтағанов қала әкімі мен салалық құзырлы мекемелердің басшыларына тапсырма беріп, бірқатар міндеттер жүктеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу