Ауылдарда жарық орнап, балалар алаңдары салынуда - ШҚО, Үлкен Нарын
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Үлкен Нарын ауылында өткен көшпелі отырысында аудан әкімі елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан басшысының айтуынша, биыл Сенное, Бесүй және Үлкен Нарын ауылдарында бірнеше көшеге көше шамдары орнатылған. Қазіргі таңда бұл жұмыстар Үлкен Нарынның Таулы мен Слямова көшелерінде, сондай-ақ Солоновка ауылындағы Кезембаев пен Байтұрсынов көшелерінде жалғасуда.
Үлкен Нарынның өзінде құны 31,4 миллион теңге болатын жаңа балалар ойын алаңы бой көтерді. Сонымен қатар Орталық саябақтағы «Жеңіс» алаңқайы 14,5 миллион теңгеге жаңартылып, келушілерге жайлы демалыс орнына айналды.
Абаттандыру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Қазір аудан орталығындағы Тумашинов көшесіндегі сквер, «Алтайэнерго» ықшам ауданындағы спорт алаңы және ауыл лицейінің жанындағы мини-футбол алаңында жөндеу жүргізілуде. Сонымен бірге, кәріз жүйелерін жаңарту да қолға алынды.
Су тасқынына қарсы да нақты шаралар атқарылуда. Биыл Үлкен Нарын, Новохайрузовка, Жұлдыз, Көкбастау және Алтынбел ауылдарында жалпы құны 49 миллион теңге болатын су арналары тереңдетіліп, кеңейтілген. Соның нәтижесінде биыл бұл елді мекендерде бірде-бір төтенше жағдай тіркелмеген.
Фото: Махаббат Ахметжанова




