KZ
Өскемен
-32°
пасмурно Штиль
509.75 594.67 6.46

«Жанданған суреттер»: Ерекше балалардың қиялына қанат бітірген студия (видео)

30.05.2025, 13:20 291 Айна Бакимбаева

Балаларға арналған үлкен сый — шығармашылыққа жол ашатын жаңа кеңістік. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Өскеменде ерекше балаларға арналған инклюзивті анимациялық студия өз есігін айқара ашты. Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана базасында іске қосылған бұл ерекше жоба «КАЗЦИНК» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асып отыр. Жобаны «БалаDARYN» бірлескен бастамасы аясында қала балалары үшін шынайы шығармашылық мекенге айналдыру көзделген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ашылу рәсіміне Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысып, инклюзивті студияның жұмысына сәттілік тілеп, бұл бастаманың маңызын атап өтті. Шара барысында №15, №19 мектептер мен «Ақ Ниет» арнайы интернатының оқушылары студияның жабдықтарымен және шығармашылық мүмкіндіктерімен танысты.

Мерекелік бағдарлама аясында балалар үшін арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Онда қатысушылар графикалық планшеттер арқылы қарапайым анимациялық фильмдер құрастыруды, сюжеттік желі жасау мен кейіпкерлерді бейнелеуді үйренді. Балалар әсіресе «Жанданған суреттер» атты инновациялық құралға ерекше қызығушылық танытты.

– «Жанданған суреттер» платформасы балалар салған кейіпкерлерді интерактивті түрде экранда «тірілтуге» мүмкіндік береді. Бұл құрал арқылы олар кейіпкерлерді қозғалтуды, айналдыруды, бағыттарын өзгертуді үйренеді. Сурет салу арқылы баланың ішкі әлемі ашылып, өз ойын бейнелеуге мүмкіндік алады, – дейді кітапхана қызметкері Жанболат Ерхат.

Сонымен қатар, балалар «Осьминог» мультстудиясының мүмкіндіктерін де пайдаланды. Бұл жабдық жиынтығына шағын айналмалы сахна, түрлі сахналық фондар (қала көрінісі, табиғат, ғарыш, су асты әлемі және т.б.), веб-камера, микрофон мен жарық шамы кіреді.

– Мұнда балалар тек сурет салып қана қоймай, режиссер, сценарист, оператор және суретші-мультипликатор рөлдерін де өздері атқара алады. Бұл олардың көркемдік, техникалық және коммуникативтік дағдыларын қатар дамытады, – деп толықтырды Жанболат Ерхат.

Анимациялық студия – бұл жай ғана шығармашылық шеберхана емес. Ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға өз қабілеттерін танып-білуге, өзін еркін көрсетуге арналған теңдессіз алаң. Мұндай кеңістікте әр бала даралығын жоғалтпай, жаңа қырынан ашыла алады.

Анимация – тек сурет емес, бұл – ойлау, жоспарлау, қиялдау мен әрекет етудің синтезі. Ал инклюзивті студия – достық, қолдау, сенім мен шығармашылық еркіндіктің мекені.

Фото/видео: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу