Шығыстың өрлеу векторы: Қуатты аймақ – кемел келешек кепілі (видео)
Шығыс Қазақстан – экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қатар өрістетіп отырған аймақ. Биылдың өзінде өңірде 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, инвестиция көлемі 16%-ға артты. Ауыл шаруашылығы өнімінің өсімі – 9%, өнеркәсіптегі өсім – 3%. Ал құрылыс жұмыстары көлемі төрт есеге ұлғайған. Шығыстың шын әлеуетін көрсететін осынау салмақты көрсеткіштер Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың өңір активімен кездесуінде кеңінен тарқатылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экономиканы 2029 жылға дейін екі еселеу міндетіне сәйкес, өңірлік жобалау кеңсесі құрылып, әр қала, аудан мен ауылдық округ бойынша нақты жол карталары бекітілген. Биылдың өзінде жалпы өңірлік өнім көлемін 5,5 трлн теңгеге дейін жеткізу, инвестиция тарту көлемін 1 трлн теңгеден асыру жоспарланып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті өңір – қуатты елдің тірегі» қағидаты Шығыс Қазақстанда жүйелі іске асып келеді. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұған дейінгі екі жылда 64 әлеуметтік нысан бой көтерсе, алдағы уақытта тағы 22 нысанның құрылысы аяқталады. Бұл – тек сандар ғана емес, нақты өмір сапасына ықпал ететін өзгерістердің айғағы.
Осы және өзге де даму бағдарларымен кеңесші Мәлік Отарбаев облыс активімен жүздесуде барынша кеңінен танысты. Кездесуге мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жүздесу барысында Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің сапалы орындалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың табысты болуы – өңірлердің дамуына, қоғаммен тұрақты диалог орнатуға тікелей байланысты.
Активпен кездесуде айтылғандай, бүгінде ел Шығысында туризмді мультипликативті сала ретінде өркендету жоспары да айқын: Риддер маңындағы «Анатау» тау-шаңғы кешенінің құрылысы, медициналық туризмді дамыту, 2030 жылға қарай 1 миллион турист тарту міндеті қойылған. Ал инфрақұрылым бойынша – алдағы екі жылда 1500 шақырымнан астам жол жөнделмек, Бұқтырма су қоймасындағы көпір мен жаңадан салынып жатқан әуежайлар өңірдің транзиттік әлеуетін арттырмақ.
Ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындарды таза ауызсумен толық қамту, агросекторға жаңа технология енгізу мен қайта өңдеу ісін қолдау – бұл да өңірлік күн тәртібіндегі басым бағыттар қатарында. Әлеуметтік бастамаларға да ерекше мән берілуде: жаңа мектептер салу, колледждерді жаңғырту, медициналық оңалту инфрақұрылымын жетілдіру – Шығыс Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар шешімдер.
Кездесу барысында «Адал азамат», «Адал еңбек», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» сынды құндылықтарды қоғамның барлық деңгейіне сіңірудің маңыздылығы қозғалды. Қатысушылар ұлттық бірлікті бекемдеу, гуманитарлық даму мен өңіраралық ықпалдастықты тереңдету бастамаларына қолдау білдірді.
Аталмыш басқосу мемлекет пен өңір арасындағы сенімді диалогтың үлгісіне айналды.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников















