«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі басталды
Бүгін Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің бірінші күні басталды. Алтай тауының етегіндегі айтулы шара аясында бүгін ауқымды мәдени іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сағат 11:00-де Катонқарағай аудандық Мәдениет үйінде көрнекті жазушы, публицист Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтеді.
Сондай-ақ сағат 17:00-де Топқайың ауылында, Алтай тауларының баурайында «Төр Алтай Қалихан мен Дидахметті жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі ұйымдастырылады.
Поэзиялық кешке Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген белгілі ақын-жазушылар қатысады. Әдебиет пен өнердің биік алаңына айналған Алтай төрінде ұлттық рухты ұлықтайтын өлең додасында үздіктер анықталады.
Қазіргі кезде Катонқарағай ауылының ипподромында сахна орнатылып жатыр. Сахнаның ені — 44 метр, биіктігі — 11 метр, ал тереңдігі — 14 метр. Монтаж жұмыстарына 20-дан астам маман тартылған. Барлық жабдық Астанадан жеткізілген.
Мұнда 160 шаршы метрлік LED-экран, 80 киловаттық дыбыс құрылғысы және 140-қа жуық интеллектуалды жарық шамы орнатылады.



