Өскеменде бірнеше көше уақытша жабылады
Өскеменде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қалада жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Соған байланысты облыс орталығындағы бірқатар көшеде қозғалыс уақытша шектеледі. Бұл туралы Өскемен қаласының әкімдігі мәлімдеді.
Қазақстан көшесінде Кабанбай батыр көшесіне қарай бағытталған трамвай рельстері жаңартылып жатыр. Осыған байланысты Нұрмағамбетов көшесіндегі көлік қозғалысы уақытша қарсы бағытпен – бір жолақпен жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар Кабанбай батыр мен Қазақстан көшелерінің қиылысы уақытша жабылды. Әкімдіктің мәліметінше, бұл шектеулер ұзаққа созылмайды. Алдағы күндері қозғалыс қайта қалыпқа келеді, Нұрмағамбетов көшесі әдеттегі тәртіппен жұмыс істейді.
Есенберлин даңғылы мен Алматы тас жолы аралығындағы жол учаскесінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы қозғалыс 26 күнге толығымен тоқтатылды. Құрылыс компаниялары іске кірісіп кетті.
Қаладағы маңызды көлік өткелдерінің бірі – Крылов көпірінде де жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу Протазанов көшесінен Астана көшесіне қарай жүргізілуде. Алғашқы кезеңде көпірдің бір жағы 10 жұмыс күніне жабылады. Кейін бұл бөлік ашылып, жөндеу екінші жақта жалғасады.
Өскемен қаласының әкімдігі тұрғындарды уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырады. Жүргізушілерге бағыттарын алдын ала жоспарлап, жолда мұқият болып, уақытша қозғалыс сызбасын сақтауға кеңес береді.
Кез келген жол жөндеу азды-көпті қиындық тудыратыны сөзсіз. Алайда бұл жұмыстардың барлығы қалалық инфрақұрылымды қауіпсіз және жайлы етуге бағытталған.
Дамир Омаров