Алтайда балалар мектеппен бірге мамандық игеріп жүр

Алтай ауданында оқушылар мектеппен бірге мамандық та игеріп жүр. «Колледж – мектеп» жобасы аясында оқушылар таңертең мектепке барып, түстен кейін колледжде білім алуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жобаның мақсаты – оқушыларды ерте бастан еңбекке баулу және болашақ мамандығын дұрыс таңдауға көмектесу. Қазір Алтай қаласындағы мектептердің 10-сыныптарында оқитын 33 бала арнайы мемлекеттік тапсырыспен колледжде екі түрлі мамандық бойынша білім алды: бірі – «Электрмен, газбен темір пісіруші», екіншісі – «Аспаз».
Ең бастысы – бұл оқушылар 11-сыныпты тәмамдағанда мектеп аттестатымен бірге мамандық бойынша диплом да алады. Яғни, оқуын аяқтай сала жұмыс істеуге дайын болады.
Келер оқу жылында колледж жаңа бағыттарды іске қосуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Автомобиль жөндеу шебері» мен «Сәнгер-пішуші» мамандықтары бар. Әр бағыт бойынша 15 оқушы қабылданады деп жоспарланған.
Ал Алтай жоғары колледжі де «Автослесарь» мамандығы бойынша жаңа бағдарлама дайындап жатыр. Құжаттар толық бекітілген соң, бұл оқу орны да мектеп оқушыларын өзінде оқытпақ.
Сонымен қатар, биыл жазда Алтай жоғары колледжінде 8-10 сынып оқушыларына арналған «Медициналық каникулдар» және «Туризм» бағытындағы жазғы лагерь ұйымдастырылып жатыр. Онда балалар денсаулық сақтау мен туризм саласындағы мамандықтармен танысып, алғашқы тәжірибелерін жинақтауда.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Бақытгүл Қанафина бұл жобалардың оқушыларға мамандықты саналы түрде таңдауға, еңбек нарығындағы сұранысқа сай бейімделуге үлкен септігін тигізетінін айтты.